Сенбі, 18 қазан, 19:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79, 2191
18.10.2025
PDF мұрағаты

Білікті кадрларды даярлаудағы жаңа қадам: Астанада Білім беру институты ашылды

18.10.2025

102 0

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бүгін елордада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Білім беру институты салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп, оқытушылар мен студенттер қауымы қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа институттың ашылуы – еліміздегі педагогикалық кадр даярлау ісін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Салтанатты жиында сөз сөйлеген вице-министр Гүлзат Ізбасарқызы білім ордасының ашылуы Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай жүзеге асып отырғанын атап өтті.

Білім беру институтының ашылуы – педагогикалық білім сапасын арттыруға және кәсіби мамандар даярлау ісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама. Өткен жылы Абай атындағы ҚазҰПУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ консорциумы негізінде жұмыс басталып, биыл институт өз алдына дербес құрылым ретінде ашылып отыр. Бұл – педагог кадрларын даярлау жүйесін жетілдіру жолындағы елеулі оқиға. Жаңа оқу орнына сәттілік тілеймін, – деді вице-министр.

Институтта бүгінде 9 білім беру бағдарламасы бойынша 400-ден астам студент білім алуда. Оның ішінде 288 студент мемлекеттік грант, ал 133 студент Астана қаласы әкімінің гранты негізінде оқып жатыр.

Оқу ордасы заманауи технологиялармен жабдықталған. Білім беру бағыттары арасында ақпараттық және математикалық пәндермен қатар, жаратылыстану, психология, сондай-ақ сұранысқа ие арнайы педагогикалық мамандықтар – дефектология, логопедия, тифлопедагогика, сурдопедагогика бар.

Оқытушы-профессорлар құрамында 3 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты, 2 PhD дәрежесіне ие ғалым, жалпы 31 тәжірибелі маман еңбек етуде.

Жаңа институт қабырғасында білім алып жатқан талантты, мақсаткер студенттеріміз – ертеңгі елдің рухани тірегі. Біздің міндетіміз – бәсекеге қабілетті, кәсібіне адал, жауапкершілігі жоғары жаңа буын педагогтарды тәрбиелеу. Институт түлектері ұлттық білім беру жүйесінің дамуына серпін беретініне сенімдімін, – деді ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп.

Қазір Абай атындағы ҚазҰПУ мен Астана қаласы әкімдігі арасында тығыз әріптестік орнаған. Екі тарап қол қойған ынтымақтастық меморандумы аясында университет студенттері елорда мектептерінде тұрақты түрде педагогикалық тәжірибеден өтеді. Өткен жылы 200-ден астам студент осындай тәжірибеге қатысып, алған теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға мүмкіндік алды.

Жаңа институттың ашылуы – Қазақстандағы педагогикалық білім жүйесін жаңғыртудың нақты қадамы және болашақ ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: