Биыл 1 сәуірден бастап кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін ұсынатын ұйымдар лицензиялаудан өтеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жауабында айтылған, – деп хабарлайды KAZINFORM
-Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері жөніндегі заңға сәйкес 2026 жылғы 1 сәуірден бастап кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін ұсынатын ұйымдар (лицензияның мерзімі – 5 жыл) лицензиялауға жатады. Білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына, білім беру-сауықтыру бағдарламаларына, педагог қызметкерлерге, материалдық-техникалық жарақтандыруға, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуына, балалардың болу жағдайларына, тамақтандыруды ұйымдастыруға, медициналық қызмет көрсетуге және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жаңа талаптар қосу бөлігінде толықтырулар енгізіліп жатыр, – деді вице-премьер.
Оның атап өтуінше, «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, діни білім беру, кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтері саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына білім беру-сауықтыру қызметтерін электрондық лицензиялау жүйесін енгізу бойынша өзгерістер енгізіліп жатыр.
-Бұдан бөлек, бағдарламалардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін және балалар демалыс орталықтарын лицензиялаудың негізі болып табылатын Білім беру-сауықтыру бағдарламаларын бекіту қағидаларының, қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының жобалары хабарламалық және лицензиялық тәртіптің аражігін қамтитын жаңа редакцияда әзірленді. Осылайша, білім беру-сауықтыру қызметтерінің сапасын арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдануда, – деді Серік Жұманғарин.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
