Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 06:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Білім кемесіндегі бүгінгі беталыс

15.02.2022

809 0

«Оқу – білім азығы,

Білім – ырыс қазығы», – дейді халық даналығында. Иә, қай заманда да білімдінің көкжиегі кең. Елдің әлеуметтік экономикалық ахуалының артуына оң әсер ететін саланың бірі – білім. Мағжан Жұмабаевтың «Алаш баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деуі содан болар.

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ САЛАСЫНЫҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

Жә, сонымен әңгіме әлқиссасын жоғары оқу орындарынан бастайын. Еліміздегі білім мен ғылым саласының даму көкжиегі жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық білім мен ғылым жүйесін бәсекеге қабілетті дамыту ісіне барынша көңіл бөліп, қаржымен қамтамасыз ету жұмыстарын ерекше назарында ұстап отырғаны баршаға аян. Ел Президенті белгілеп берген биік мақсаттар аясындағы тапсырмалар ҚР Білім және ғылым министрлігі Асхат Аймағамбетовтің басшылығымен сәтті, тиімді шешімін тауып, ашық ортаға салынып әрі түсінікті түрде орындалуда. Бұл соңғы жылдары еліміздің адам капиталын дамытуда ең маңызды рөлге ие салаларда қолға алынған жаңашыл, институционалды реформалар халықтың қолдауына риясыз ие болуда десек, артық айтқандық емес. Былтырғы гранттардың саны ұлғайып 56 мың болғаны белгілі. Заман талабына сай техникалық мамандықтарға деген сұраныстың арту тенденциясын алдын ала болжаған. Мемлекет басшысы 2022 жылы гранттар санын 61 мыңға жеткізуді тапсырды. Оның 60 проценті IT және техникалық бағыттардың үлесіне тимек.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде инженерлік-техникалық білім беру бағдарламалары бойынша грант саны 2020 жылдың 1 қыркүйегінде 214 болса, 2021 жылы 366-ға артты. Бұл дегеніміз елімізде техникалық мамандықтарға деген сұраныстың артқандығын білдіреді.

Бүгінде білім алушылар оқу процесіне 100 процент ден қоюы үшін жыл сайын шәкіртақы көлемі де көбейіп келеді. Бакалавриатта 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсіп 2021 жылы 31 мың теңгені құрады. Докторантурада осы аралықта стипендия мөлшері 82 мың теңгеден 172 мың теңгеге өсті. (2025 жылға қарай бұл көрсеткіштер, сәйкесінше, 52 және 262 мың теңгені құрайды). Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап ЖОО студенттерінің стипендиясы 20 процентке, докторанттардың стипендиясы 15 процентке өспек. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 2021-2022 оқу жылынан бастап студенттердің стипендиясы (экологиялық коэффициентті қоса есептегенде) 31423 теңгеден 40849 теңгеге, педагогикалық бағытта оқитын студенттердің стипендиясы 50400 теңгеден 65520 теңгеге, магистранттардың стипендиясы 76950 теңгеден 100035 теңгеге, докторанттардың стипендиясы 172500 теңгеден 224250 теңгеге артқан. Қазіргі күні ЖОО профессор-оқытушыларының еңбекақысы 200 мың теңге мен 400 мың теңге аралығында. Кейінгі 2 жылда ұстаздардың еңбекақысы 2 есе артты. Барша ұстаздар қауымын жаңашылдыққа, шығармашылыққа ынталандырған осынау қолдау – «Педагог мәртебесі» туралы заңның жемісі.

– Оқу ордамызда ғалымдардың ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуіне ерекше қолдау көрсетілуде. Университетте ғылыми зерттеу жұмысын жалпы қаржыландыру көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 20 процентке өсті. ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру негізінде орындалатын жобалар 20 процентке артты. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен университет базасында «Химия, жасыл технологиялар, жаңартылатын энергия көздері, педагогикалық және іргелес ғылымдар ғылыми-инновациялық орталығы» атты академиялық артықшылық орталығы ашылмақ. Орталықта 2024 жылға дейін жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын заманауи зертханаларды іске қосу жоспарға енді. Орталықтың басты идеясы – білім, ғылым, өндірісті интеграциялау арқылы сапалы кадрлар даярлауды жүзеге асыру. Тағы бір атап өтерлігі, университетте 2021 жылдың 1 қыркүйегінде профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы 2020 жылдың 1 қыркүйегімен салыстырғанда лауазымына қарай 60 проценттен 90 процентке дейін өссе, қызметкерлердің еңбекақысы 25 процентке артты. Атап айтсақ, ең төменгі жалақы профессорларда 394346 теңгеге, доценттердің айлық еңбекақысы 293453 теңгеге, ғылыми дәрежесі бар аға оқытушыларда 267226 теңгеге, ғылыми дәрежесі жоқ аға оқытушыларда 230751 теңгеге, оқытушыларда 202331 теңгеге ұлғайды. Енді еліміздегі 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтпек. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен 7 ғалым-оқытушы әлемдік деңгейдегі интеллектуалдық игіліктерді игеруге мүмкіндік алып отыр. Әлемдік өркениет көшінің алдыңғы қатарынан орын алу үшін жұдырықтай жұмылып еңбек ету баршамыздың абыройлы міндетіміз, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: