Сенбі, 23 қараша, 05:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Білім мен тәрбиені ұштастырған

10.06.2023

786 0

ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің қарқын алып, техниканың қарыштап дамыған заманы десек, жас ұрпақтың соған лайық сапалы білім алуы, бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруы бүгінгі күннің басты талабы. Бұл – сала жаңа өзгерістер мен тың бастамалардың ортасы. Сондықтан қазір мектептер көштен қалмай, заман талабына сай білім беру үрдісін қалыптастыруда.

Бүгінде білім аламын деген балаға жол ашық. Білім ордаларында да баланы оқуға ынталандыруда барынша жағдай жасалған. Тек 45 минут сабақ оқу емес, үзіліс кезінде де босқа уақыт құртпай танымын кеңейтуге, оқушылардың бір-бірімен білгенімен бөлісуіне мүмкіндік бар. Дәл мұндай мүмкіндік алаңы қаладағы К.Қаракөзов атындағы №235 мектебінде де қарастырылған.

Ширек ғасырлық тарихы бар бұл мектеп ескі ғимаратта орналасқан. Осынша жыл ішінде күрделі жөндеу көрмеген білім ордасына бұл кедергі емес. Бастысы, ұжым­ның ауызбірлігі мен басшының көш­басшылық қасиеті. Соның нәтижесінде мектеп ұжымы білім ошағын замануи үлгіде жабдықтапты. Есіктен кірген бойда орналасқан ұзын дәліздің екі жағы да тәр­биелік мәні зор, тағылымды, танымдық  дүниелермен безендірілген. Десе де оның бір бөлігі ерекше балаларға арналып жасалған екен.

– Бұл ұжымға басшылыққа келгеніме 1 жылдан асты. Мектеп ғимараты ескі. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Десе де басшылық қызметке келгенде алғаш қолға алғаным мектептің өз қаржысы есебінен ғимаратты жөндеу болды. Осылайша қолдан келгенше мектептің 1 қабатына жөндеу жүргіздік,  – дейді мектеп ди­ректоры Роза Жадиева.

Басшылыққа келген білікті маман, тәжірибелі ұстаз Роза Жадиева тәртіп пен тәрбие болмаған жерде сапалы білім болмайтынын айтады. Сондықтан алдымен бала тәрбиесіне басымдық беруді көздейді. Бұл ретте оқушы мен ұстаз емес, оның ата-анасы, отбасы да маңызды рөлге ие. Үштік байланысты нығайту мақсатында мектепте ұлттық жобалардан бөлек «Отбасылық тәрбие мектебі» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жобада «Кимешек» әжелер мектебі, «Данышпан» аталар, «Тірек» әкелер, «Мейірім» аналар мектебі қалыптасқан. Осы аталған жоба бойынша балалардың ата-ана­сымен байланыс орнатып түрлі мектеп­ішілік іс шаралар өткізіледі. Сонымен қатар ата-аналардың «Ынтымақ» кабинеті жұмыс істейді.

– Алғашқы безендіруді үздіктер ағашын жасаудан бастағанмын. Мұнда бастауыш сынып оқушылары арасында олимпиада, ғылыми жоба жеңімпаздарының, сондай-ақ түрлі іс-шараларға белсенді қатысқан оқушылардың суреті ілінеді. Бұл өз кезегінде баланың оқуға, қоғамдық шараларға деген қызығушылығын арттырады. Бұдан бөлек ата-ана-бала-ұстаз үштігін нығайтуда «Отбасылық тәрбие мектебі» жобасы бар. Соның аясында ата-аналарды шақырып, оқушылармен бірге семинар-тренингтер өткізіледі. Сонымен қатар «Оқуға құш­тар мектеп» ұлттық жобасы аясында оқу­шының ата-анасымен бірге кітап оқуы ұйымдастырылады. Жалпы мұнда оқу­шылардың үзіліс кезінде кітап оқуына болады. Соның нәтижесінде олардың оқыған кітаптарынан макет жасап, арнайы бұрыш дайындадық. Бұл да балалардың кітап оқуға деген ынтасын арттырып, өзара ой алмасуына мүмкіндік берді, – дейді білікті басшы.

Өз кезегінде мектепте әкелердің рөлін арттыруға да басымдық берілген. Бұл ретте сынып старосталарынан бастап ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңес жетекшілігіне ер азаматтар белгіленген.

Бүгінде оқушылардың жан-жақты әрі толыққанды білім алуына, бос уақытын тиімді өткізуіне, қарым-қабілетін ашып, өзін-өзі тануына барынша мүмкіндік жасалған. Балалардың ой қабілетін, қимыл ширақтығын дамытуда ұлттық ойындар жобасы да қолға алынған. Оның ішінде «асық ату», «бес тас» ойындары республикалық деңгейдегі жобаға айналды.

Білікті басшы мен ұстаздар ұжымы білім мен тәрбиені осылайша ұштастыру арқылы өскелең ұрпақтың сауатты, салиқалы азамат ретінде қалыптасуына сеп болмақ.

Білім ордасының елу жылдығы қар­саңында мұнда «Ынтымақ» кабинеті ашылған. Ол «Отбасылық тәрбие мектебі» жобасы аясында жүзеге асырылды. Кабинет қабырғасында тағылымды, тәрбиелік мәндегі ережелер ілінген. Үй ережесі аталатын бұл кестеде отбасында баланың, ата-ананың не істеу керегі жазылған. Сондай-ақ қыз баласы мен ер балаға арналған тәрбиелік нақыл сөздер де бар. Бұл кабинетте ата-аналар қыздарымен бірге тігін тігіп, ою ойса, ер балалар ағаш бұйымдарымен жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда ата-аналардың бала тәрбиесі жөнінде психологиялық кітаптар оқуы үшін кітап қоры да жасақталған.

Ерекше балаларға қамқорлық

Бұл білім ордасы басымдық берген тағы бір бағыт – ерекше балаларға қолдау көрсету. Әрине, оларды оқытып-тоқытудың өзіндік әдіс-тәсілі бар. Мұғалім мұны да меңгеруі қажет. Сондықтан алдымен оларға сабақ беретін ұстаздың баланың жан-дүниесін түсініп, олармен өз деңгейінде қарым-қатынас жасай алуы негізге алынған. Мұнда 9 ерекше бала білім алады.  Олардың әрқайсысына жеке педагог-ассистент белгі­ленген. Осындай ерекше балаларды қолдауда білім ошағында «Нұрлы бала» жобасы жұмыс істейді.

– Мектеп дәлізінің оң жақ бөлігінде ерекше балалардың сыныбы орналасқан. Соған сәйкес үзіліс кезінде олардың да ой-өрісін дамытуға жағдай жасадық. Сынып­тан шыға бере олар түрлі танымдық ойындар ойнап, аквариумдегі балықтардың тіршілігін бақылай алады. Сонымен қатар тордағы құстардың дауысы да олардың көңіл-күйіне оң әсер ететінін байқадық. Мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беруде оң нәтиже барын атап өткім келеді. Ата-анаға мұндай баланы оқыту қиынға соғады. Кейде қаланың алыс шетінен келіп, ерекше баласының біздің мектептен білім алғанын қалайтын ата-аналар бар. Сондай сәтте еңбектің еш кетпегенін түсінесің, – дейді Роза Тағыбергенқызы.

Ерекше балаларға арналған тағы бір тиімді әдістің бірі – «Армандар ағашы». Білікті ұстаз Роза Тағыбергенқызы мұн­дай балалардың ерекше қабілетін ашу мақсатында олардың арманын жазуына мүмкіндік берген. Нәтижесі де жаман емес. Бүгінде арманын жазудың арқасында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында математик, суретшілер шығуда.

Білікті ұстаз

білімді шәкірт

Елу жылдық тарихы  бар оқу ордасында бүгінгі күні 1077 оқушы тәлім алуда. Ал оларды білім нәрімен сусындатуда 136 мұғалім қызмет етеді. Оның ішінде 131-і жоғары білімді. Ұстаздық деңгейіне бай­ла­нысты 25 педагог-зерттеуші, 31 пе­дагог-сарапшы, 30 педагог-модератор бар. Сонымен бірге мұғалімдер арасында әдісте­мелік құрал, авторлық жоба авторы да бар. Мектеп басшысы Роза Жадиеваның ұстаздар қауымына қояр талабы да осы. Ұстаз жаңа заманға сай білімді, білікті, ізденімпаз болу керек. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деп бекер айтылмаған. Білікті мұғалімнен білім алған шәкірттері де оқуда озат, озық ойлы өрендер.

Қазір мүмкіндіктер заманы. Әсіресе мектеп оқушылары үшін кез келген бағыт­тағы жол ашық. Әр баланың өзіндік ерекшелі­гін, қабілетін ескере отырып оқыту бүгінгі күні жақсы дамып келеді. Мәселен, мектепте биология пәніне қызығатын өрендер үшін сабақ барысында оқығанын тәжірибе ретінде сынап көруіне мүмкіндік бар. Ол үшін арнайы бөлмеде түрлі өсімдіктер отырғызылып, оны күтіп-баптау оқушыларға жүктелген.  Олар сол арқылы биологиялық әлемді жіті зерттеп, тани алады.

Ұстаздың оқушыға білім берудегі өзіндік тәсілі, олармен қарым-қатынас жасаудағы ерекшелігі бүгінгі күні жоғары бағаланады. Себебі оқушымен мұғалім арасындағы тығыз байланыс білімнің сапалы болуына да ықпал ететін көрінеді. Білім ошағында ұжым мақтанышына, шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналған мамандар жетерлік. Соның бірі – информатика пәні мұғалімі Асқар Қарасайұлы. Оның сабақ берудегі ерекше әдісі, әрбір оқушының жүрегіне жол таба білуі өзгелерге үлгі боларлықтай. Себебі білікті ұстазы бар мектептің оқушылары да информатика пәніне қызығушылық танытып, ІТ саласын игеруді көздеп отыр.

Сапалы білім беруде ұстаздар қауымына қойылатын талап жоғары. Ал ұстаздар қауымы бұл үдеден шығуда. Мәселен, «Үздік авторлық бағдарлама-2023» байқауында Гүлнар Асайбулдаева І орын алса, «Үздік жас маман-2022» байқауында АӘД пәні мұғалімі Р.Әлібеков ІІ орынды иеленді. Бұдан бөлек пән мұғалімдері де қалалық, облыстық деңгейде марапат иелері атанған. Білікті ұстаз шәкірттері де білімді. Мұнда түрлі ғылыми жоба, пәндік олимпиада жеңімпаздары тәлім алуда.

Биыл мектепте бітіруші түлектер арасында Бағдат  Смағамбет және Нұрдәулет Төлеген «Алтын белгіге»,  Ақниет Рүстемқызы «Үздік аттестат» үміткері. Бүгінде мектеп мақтанышына айналған «Алтын белгіге» үміткер Төлеген Нұрдәулет ҰБТ-ның бірінші кезеңінде аймақ бойынша ең жоғары балл жинап, мектеп абыройын көтерді.

Мектеп басшысы Роза Тағыбергенқызы алдағы уақытта білім ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, білім сапасын одан әрі арттыруды көз­дейді. Сондай-ақ «Отбасылық тәрбие мектебі» жобасын республикалық дең­гей­ге жеткізсем деген ниетте.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: