Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 07:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Білім ұяларында – жаңа ғимараттар

02.09.2023

528 0

Білім күні қарсаңында Қызылорда қаласындағы екі іргелі мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар пайдалануға берілді.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жиналған жұртшылықты Конституция және Білім күнімен құттықтады.

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Құралсыз iс iстелмейдi һəм құрал қандай болса, iстеген iс те сондай болмақшы. Iстiң толық жақсы болуына мектеп сайлы һəм жақсы болуы шарт» деген сөзі баланы оқытуға, ең бірінші жайлы да заманауи мектептің керегін еске салады. Бүгін біз осындай жайлы да жаңа ғимараттың ашылуының куәсі боламыз.

Бала санының жыл санап артуына байланысты бірнеше білім ошағы қо­сымша құрылысты қажет етті. Өздеріңіз білетіндей, орталықта жаңа мектеп салу үшін жер телімі табылмайды. Қала сыртына салынған мектепке қатынау ата-анаға да, балаға да айтарлықтай қиындық туғызады. Қосымша ғимарат салудың тағы бір тиімді тұсы – бюджет қаржысы үнемделеді, жаңа мектепке қарағанда арзанға түседі. Ең маңыздысы балалар өздері үйренген, үйіне жақын мектебіне қатынайды. Сондықтан бәріне бірдей оңтайлы шешімге, яғни үш ауысыммен оқитын мектептер ауласына қосымша ғимарат салуға тоқталдық, – деді аймақ басшысы.

№101 мектеп-лицей ауласында салынған 375 орындық ғимаратта бастауыш сыныптар оқитын болады. Ал Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектепке 550 орындық қосымша ғимарат салынды.

Жаңа ғимараттарда оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер талапқа сай жасақталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, бала­лардың шығармашылық дамуы мен демалуына толық жағдай қарастырылған.Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік жаб­дықтары орнатылған. Облыс орталы­ғындағы 4 мектептің (№2,3,101,264) 1850 балаға арналған қосымша ғимараттары жаңа оқу жылында балаларды қабылдайды.

Айта кетейік, Сыр өңірінде заманауи жаңа білім ошақтары бой көтеріп, жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына баса мән берілген. Аймақта 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесі 100 пайызға, ал 2-6 жастағылардың қамтылуы 88,9 пайызға жетті. Мемлекет пен жекеменшік әріптестіктің ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді. Бүгінде облыстағы 613 бала­бақшаның 453-і немесе 73%-ы жеке сек­тордың үлесінде.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде құны 86,2 млрд теңге болатын 21 заманауи мектеп салынбақ. Жаңа білім ордаларына 12 мыңнан аса оқушы барады. Биыл 10 мектептің іргетасы қаланады. Қаланың сол жағалауында «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен 350 орындық заманауи оқушылар сарайы салынады. Бұл қосымша білім беру ордасында озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалар тәрбиеленеді.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: