Жақында өткен ХХІІ халықаралық Жәутіков олимпиадасында Қызылорда облысынан қатысқан оқушылар үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Атап айтқанда, Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мансұр Мамадахунов – информатика бағыты бойынша алтын медаль, 11-сынып оқушысы Арнұр Ансатов – математика бағыты бойынша күміс медаль, 11-сынып оқушысы Әлімхан Құрманов – информатика бағыты бойынша қола медаль, және 9-сынып оқушысы Кенжебек Шәдібай – информатика бағыты бойынша қола медаль иеленді. Халықаралық Жәутіков олимпиадасы – математика, физика және информатика пәндері бойынша әлемнің үздік жас зияткерлерін бір алаңға жинайтын халықаралық жарыс. Атақты академик О. Жәутіковтің құрметіне арналған бұл зияткерлік жарыс 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл осымен 22-ші рет ұйымдастырылған олимпиада 2026 жылғы 10-15 қаңтар күндері Алматы қаласында офлайн форматта өтті. Олимпиадаға әлемнің 16 елінен жалпы 612 оқушы қатысып, өз білімін сынады. Қатысушы мемлекеттер қатарында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түркменстан, Индонезия, Үндістан және Өзбекстан бар.

Математика пәні бойынша күміс медаль иеленген Арнұр Аңсатов олимпиадаға дайындық пен қатысу барысы екі турдан тұрғанын айтады.
– Олимпиада екі турдан тұрды. Әр турда үш есеп берілді және оларды шығарып, толық дәлелдемесін жазуға 4,5 сағат уақыт берді. Екінші тур екі күнге созылып, кейін нәтижесі жарияланды. Нәтиже бойынша маған төмен ұпай қойылған соң, апелляцияға бердім. Нәтижесінде күміс медаль иелендім, – дейді Арнұр.

Информатика бағыты бойынша алтын медаль иеленген Мансұр Мамадахунов та олимпиада жайлы әсерімен бөлісті.
– Биылғы ұйымдастырылған Жәутіков олимпиадасына информатика бағыты бойынша қатысып, алтын медаль иелендім. Байқау екі кезеңнен тұрды, әр кезеңде түрлі деңгейдегі күрделі есептер ұсынылды. Олимпиада барысында өз білімімді тереңірек тексеріп, практикалық тәжірибе жинауға мүмкіндік алдым. Бұл жетістік болашақтағы кәсіби бағытымды таңдауыма оң әсер етіп, өз біліміме деген сенім қалыптастырды, – дейді алтын медаль иегері.

Информатика пәнінен қола медаль иегері Кенжебек Шәдібай бұл олимпиаданың жоғарғы деңгейдегі алгоритмдік ойлау мен талдауды талап еткенін атап өтті.
– ХХІІ Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада информатика пәні бойынша бақ сынап, қола медальға ие болдым. Олимпиада жоғары деңгейдегі алгоритмдік ойлау мен талдауды талап етті. Жарыс барысында күрделі есептерді тиімді шешу дағдыларым қалыптасты. Бұл жетістік информатика саласына деген қызығушылығымды арттырып қоймай, болашақ кәсіби мақсаттарымды нақты айқындауға үлкен ықпал етті, – дейді Кенжебек.

Информатика пәнінен қола медаль иегері, 11-сынып оқушысы Әлімхан Құрманов бұл жеңіс мақсатын айқындауға жол ашқанын айтады.
– Мен алгоритмдік есептер шығаруды жақсы көремін. Олимпиадалық информатика маған логикалық ойлауды, шыдамдылықты және әр есепке терең талдау жасауды үйретеді. Күрделі тапсырманы өз бетімше шешу маған шабыт сыйлайды. Алдағы уақытта информатика саласында білімімді жалғастырып, халықаралық деңгейде өзімді сынап көргім келеді, – дейді Әлімхан.
Алматы төрінде өткен ХХІІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасында жерлестеріміз өз білімдері мен біліктіліктерін жоғары деңгейде көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Халықаралық білім сайысында жетістікке жеткен жас таланттар алдағы уақытта да ел абыройын асқақтатып, жаңа белестерді бағындыруды көздеп отыр.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!