Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Білімді ұрпақ елді биікке жетелейді

28.08.2021

1652 0

Қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың қатысуымен дәстүрлі қалалық тамыз кеңесі өтті. «Білімді Ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбындағы кеңеске ұзақ жыл білім саласында қызмет жасаған бірқатар ардагер ұстаздар мен салада аянбай еңбек етіп жүрген білім беру ұйымдары қатысты.

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев ұстаздар қауымын алдағы білім күнімен құттықтап:

– Ұлы қызметті ұлықтап, қиын да қастерлі салаға еніп, ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие беруді мұратқа айналдырған ұлағатты ұстаздар қауымы қашанда құрметке лайық. Талантты, дарынды шәкірттеріміздің қабілеттерін шыңдап, оларды қолдауға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалған бүгінгі қоғамда елдің атын шығарып, аймақ абыройын асыратын, өңірді өркендетіп, туған жерді түлететін білімді шәкірттеріңіз көп болғай, – деп Сыр бойының білім саласын дамытуға қосқан үлестері үшін ұстаздар қауымына алғысын білдірді.

Қазіргі таңда қала бойынша білім беру ұйымдарында 90 мыңға жуық бала білім алады. Олар мектепке дейінгі 238 балабақшада және 55 жалпы орта білім беру ұйымдарында оқып, тәрбиеленуде. Қала бойынша 3-6 жас аралығындағы 21475 бала мектепке дейінгі мекемелермен 100% қамтылып отыр. Биылдан бастап 1-3 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткішін арттыру жұмыстары қолға алынып, бүгінгі күні 1-3 жас аралығындағы бүлдіршіндеріміз қаладағы 21 балабақшада тәрбиеленуде. Осы жылдан бастап бүлдіршіндерімізге заманауи тәрбие мен білім беру мақсатында қала аумағында орналасқан 8 балабақшада «Стэм» кабинеттер жұмыс жасауда. Облыс орталығындағы 55 мектеп 1-қыркүйектен бастап 68709 оқушы жаңа оқу жылын бастамақ. Барлық білім беру ұйымдары «Ashyq» жобасына қосылған. Биылғы оқу жылында 55 мектептен 2847 сынып санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта оқытылады. Күнделікті дене қызуын өлшей отырып, масқалық режим оқушы мен мұғалім арасында қатаң түрде сақталады. Сыныптарды кварцтау, желдету, дезинфекциялау жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Өткен оқу жылы бойынша 2039 оқушы ҰБТ-ға қатысып, оның ішінде 1219 бала мемлекеттік грант иегері атанды. Таңдау бағыттары бойынша оқушы өзінің қабілетіне байланысты жоғары оқу орнын таңдап, мұғалім мамандығы бойынша 269 талапкер, медицина мамандығы бойынша 98 талапкер, техникалық мамандық бойынша 65 талапкер және өзге де мамандық бойынша 260 талапкер грант иегері атанды.

Бүгінгі күні 55 мектептің 30-ы арнайы мамандармен қамтылып, инклюзивті білім беруге жағдай жасалды. Атап айтқанда, өңірлік жол картасына сәйкес, өткен жылдан бастап Қызылорда қаласы бойынша 13 инклюзивті кабинет өз жұмыстарын баста-ды. Одан бөлек, инклюзивті білім беруді дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған өңірлік жол картасына сәйкес, білім беру ұйымдарынан 1 ресурстық орталық және 1 аутизм балаларды қолдау кабинеті ашылды. Оқушылар бір сынып, бір ғана кабинетте білім алады. Жалпы білім беру ұйымдарында ұстаздар денсаулығымен қатар оқушылар денсаулығы да басты назарда болмақ. Қазіргі кезде қаламызда 6661 педагог болса, соның 5895 педагогы вакцина салдырса, қалған 766 педагог дәрігерлік анық-тамасымен жұмыс жасайтын болады. Қалалық білім бөліміне қарасты 14 мектепте орталықтандырылған бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жаңа оқу жылынан бастап 42 мектепте турникет, мамандандырылған күзет, дабыл қағу нүктесі қосылады. Сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсету бойынша 5076 отбасы балаларына мектеп формасы, канцеляриялық тауар, аяқ-киім, 4672 балаға қыстық киім беріледі.

Қала әкімі сала басшыларына алдағы оқу жылында мектептер мен балабақшалардағы санитарлық нормаларды қатаң сақтауды тапсырды. Конференция барысында бірқатар ардагер-ұстаздар сөз алып, мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылықтарын білдіріп, жас ұстаздарға жаңа идеялы көзқараспен сапалы білім беру бағытына тілектестіктерін жеткізді.

Жиын соңында қала басшысы білім саласының дамуына үлес қосып, жоғары жетістіктерге жеткен ұстаздарға «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі, ҚР Білім және ғылым минстрлігінің «Құрмет» грамотасы, ҚР Білім және ғылым минстрлігінің және облыс, қала әкімінің «Алғыс» хаттарын табыстады.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: