Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Білімнің жағып шырағын

13.12.2022

880 0

Қызылорда қаласындағы М.Ералиева атындағы мәдениет үйінде «Алпыс жыл асқақтаған алтын ұя» тақырыбында  Әлия Молдағұлова атындағы №173 орта мектебінің 60 жылдығы аталып өтті.

Мәдениет үйі сахнасы күнде­гіден ерекше әрленіп, көпшілік көңіліне шуақ шашып тұрғандай әсер сыйлайды. Жүздері бал-бұл жанған ұстаздар, құшақ-құшақ гүл дестелерін ұстаған оқушылар күн­нің ызғарына тоңып барған адам  жанын бір мезетте жылындырып жібергендей. 

Салтанатты жиында мектептің 60 жылдығымен қатар білім ұясына Әлия есімінің берілгеніне 30 жыл толуына орай білім қызметкерлері арасындағы қалалық кәсіподақ төрайы­мы Орынша Әлімбетова, қалалық білім бөлімінің заңгері Аралбек Көбегенұлы құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.

Білімнің жағып шырағын

– Бұл тарихы терең, келешегі кемел білім ордасы. 1962 жылы іргесі қаланған білім ұясы өз жылнамасында талай-талай түлек­терді қияға қанаттандырды. Осын­да білім нәрімен сусындаған шәкірт­тер еліміздің өсіп-өркендеуі жолында әртүрлі салаларда еңбек етіп жүргенін мақтанышпен атай­мыз. Мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына бар жағдай жасалған. Қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толыққанды қам­тамасыз етілген. Сапалы білім, саналы тәрбие әр шәкірттің өмір жолына темірқазық секілді жол нұсқап тұрады. Пән бірлестіктері оқушының оқуға құштарлығын арт­тырып, ой өрісінің еркін дамуына септігін тигізеді. Алпыс жылды ар­қалаған білім шаңырағы іргесі бекіп, керегесі кеңейген, бірлігі жарасып, ырысы тасыған ордалы орынға айналып отыр. Тәжірибелі де, білікті ұстаздарымыз заман талабына сай инновациялық жаңалықтармен, заманауи түрлі әдіс-тәсілдер ар­қылы шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүр. Ұстаз – ұлы есім. Мектеп – кеме, білім – теңіз. «Білімді мыңды жығар» деген даналық сөз тегін айтылмаған. «Сен  де  бір  кірпіш дүниеге,  кетігін  тап  та  бар  қалан», – деп  ұлы Абай  айтқандай  адамзат  баласының өмірден  өз  орнын  тауып, азамат  болып  қа­лыптасуында ата-ананың рөлі қан­дай  болса, шәкіртті  тәрбиелеп,  білім  нәрін   себетін  ұстаздың орны  да  бөлек. Ел болашағы жолындағы жасампаз істеріңіз үшін, білім беру саласындағы ерен еңбектеріңіз үшін мектеп ұжымына алғыс айта отырып, атаулы мерейтойымен құт­тықтаймын, – деді білім қызметкерлері арасындағы қалалық кәсіподақ төрайымы.

Енді аз-кем мектеп тарихына тоқта­лып өтсек. Тарихы өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастау алатын білім орда­сы  – қойнауында талай тарихты бүгіп жат­қан қасиетті қарашаңырақ. Осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірттің жүрегіне нұр құйып, түлетіп ұшырды. Солардың жеткен жетістіктері, шыққан биіктері, атқарған игі істері мектеп мәртебесін асқақтата түскендей.

№173 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің іргетасы 1962 жылы  қаланған. Сол  жылдары «Батыстан бой көтеріп келе жатқан, бір өзі комбинаттың  жарты қала» деп белгілі әнде айтылғанындай, ЦКЗ деп аталатын алып зауыт салынды. Зауыт құрылысын салуға Кеңес одағының түкпір-түкпірінен әртүрлі ұлт өкілдері ағылып келе бастады. Қала шетінен космонавт Герман Титовтың  есімімен аталатын жаңа  шағын аудан пайда болды. Қоныс тепкендердің балалары үшін тез арада барак типіндегі мектеп  салынып, пайдалануға берілді.  Бастапқы кезде 200-ге тарта оқушы оқып, білім ала бастады.

Осы киелі шаңырақтан талай бала білім алып, отанымыздың игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдамамен аттанды. Бір кезде мектеп болып ашылған білім ошағы өзінің өсу-өркендеу жолында талай қиындық пен табысты сәттерді бастан кеше отырып, бүгінгі тәуелсіз елдің талантты балаларын оқытатын мектеп дәрежесіне дейін көтерілді.

Өз тәжірибелерін жас мамандарға үйретіп, бала болмысын білімге зерек, еңбекке құштар етіп тәрбиелеуде ұлағатты ұстаздардың орны бөлек.

Кеште бірқатар мұғалім марапат биігінен көрінді.

Оларға қала әкімінің, облыстық білім басқармасы басшысының, қалалық білім бөлімі басшысының,  облыстық кәсіподақ комитетінің, қалалық педагогикалық шеберлік орталығының алғыс хаты мен құрмет грамоталары берілді.

– Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде мектептің алар орны ерекше. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім алып, мектептен қанат қағып, өмірге аттанады. Халықтың нұрлы ертеңі үшін, ел игілігі жолында атқарып отырған еңбектеріңіз жемісті болсын. Шәкірттеріңіз еліміздің мәртебесін өсіріп, көсегесін көгертер асыл азаматтар болып өссін, – деді мектеп директоры Гүлмира Қоңырбаева.

М.ШАЙДУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: