Жұма, 27 желтоқсан, 02:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бірқазандағы мектепте байыпты бастамалар бар

23.11.2021

1431 0

Бүгін «Шырағдан» айдары арқылы «Бірқазан» елді мекеніндегі №145 орта мектебі туралы айтатын боламыз.

Қалалық білім бөліміне қарасты №145 орта мектебінің тарихы 1938 жыл­дан басталады. Сол жылы Бірқазан станциясынан 5 шақырым жерде «Кеңтабан» бастауыш мектебі ашылған. Білім ұясының алғашқы директоры – Сәрсенбай Самалихов. 1940 жылы Ұлы Отан соғысы қар­саңында колхоз орталығы «Көкжиде» разьезіне көшіріліп, жетіжылдық мектеп болып ұйымдастырылды. Сол 1940-1942 жылдары жеті жылдық мектептің директоры болып Ыдырыс Дүйсенбаев қызмет істейді. Соғыстан кейінгі жыл­дарда қазіргі Киров ауылының тұрғыны, Ұлы Отан  соғысының ардагері, ардагер – ұстаз Баттал Жүсіпов осы білім ұясына жетекшілік жасайды. Ұлы Отан соғысы жылдары мектепте ұстаздық қызмет атқарған Мәнсүр Кәрібаевтың есімін ауыл халқы әлі күнге дейін құрметпен атайды.

1942 жылы ұсақ колхоздар ірілен­діріп, колхоз орталығы «Бірқазан» станциясы болады. Ауыл адамдарының бірсыпырасы темір жол бойында қызмет істесе, енді бірі колхозда еңбек етті. Сол 1949 жылы мектеп «Бірқазанға» көшіріліп, бастауыш мектеп болып ашылады. Мектепте Гүлсім Нарынбаева, Қалила Ешімова,  Мүсілім Дінбаевтар қызмет атқарды.

Бірқазандағы мектепте байыпты бастамалар бар

Осы білім ұясында білім алып, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның өсіп өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүр­ген азаматтар аз емес. Соның бірі –тарих ғылымының докторы, профессор Тәжен Елеуов. Оның елдік мақсаттағы атқарған еңбегі ескеріліп, қазақ кеңес энциклопедиясына есімі енгізілді. Қазақстанның мемлекет қай­раткері – Қазақстанның сыртқы істер министрі болған. Қазақ Совет энциклопедиясын құрастырушылардың бірі, профессор  Мүсілім Базарбай, Алматыдағы Абай атындағы уни­верситеттің тарих ғылы­мы­ның докторы, профессор Күзек Назханов, Қазақстанның партия совет қайраткері Ибрагим Еділбаев,  рес­публикаға танымал дәрігер – ғалым Әлмырза Тәшпенбетов сынды көптеген тұлғалар алақандай ауылдан түлеп ұшып, «Бірқазан» елді мекенінің атын асқақтатып жүр.

Мектепті жақсы жағынан танытып, ұлағатты ұстаз, тәлімді шәкірт тәрбие­леу­де мектеп басшылығының орны ерекше. Бұл үлкен білім­паздық пен терең талғампаздықты қажет етеді. Басқару үрдісінде өзіндік қолтаңбаларын қалыптастырған мектеп басшылары Ғабиден Қайдауылов, Айтпай Саймов, Жұмабек Мырзахметов, Мылтықбай Байымбетовтер үлкен еңбек сіңірді деуге толық негіз бар.

Қазіргі таңда бұл білім ордасына Бағдат Өтегенов басшылық жасап келеді. 2016  жылдан  бастап Бірқазандағы мектепті басқаратын ол мұнда жоғары санатты ұстаздар мен озат оқушылар көп екенін айтты.

– Бүгінде біздің мектепте 78 оқу­шыға 28 мұғалім дәріс беріп келеді. 2020 – 2021 оқу жылында 5 түлек ұлттық біріңғай тестілеуге тапсырып, жоғары балл жинады. Нәтижесінде барлығы да мемлекеттік грант иегері атанды. Келер жылы да «Үздік аттестат» иегерлері шығады деп сеніп отырмыз. Сол бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бізде бала саны аз болғандықтан мұғалімдер әр балаға сабақты жеке-жеке түсіндіріп, оның орындалуын қатаң қадағалап отырады. Мек­тебімізде «Домбыра», «Шебер қолдар», «Шахмат», «Би» үйірмелері бар. Олар­ға сынып оқушылары сабақтан тыс уақытта қатысып, өздерін жан-жақты дамытып отырады. Сонымен қатар спорт залы мен асхана желісі де бар. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы баларына бір мезгіл ақысыз ас беріледі. Ұстаздарымыздың барлығы жоғары білімді. 13 мұғалім педагог-зерттеуші, 8 мұғалім педагог-сарапшы, 4 мұғалім педагог-модератор, 5 мұға­лім педагог санатына ие. Мектептің соңғы бес жыл­да қол жеткізген жетістіктерін тізіп айтар болсақ, түрлі білім, өнер, шығармашылық, ғылыми жобалар, авторлық бағдарлама, тағы да басқа іс-шараларға белсене қатысып, оқушы­ларымыз, ұстаздарымыз бағындырған белестер аз емес. Мектебімізде жалпы оқушы саны 78, мектеп жанынан ашылған шағын орталықта 20 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оның ішінде бастауыш сыныпта – 35 оқушы, орта буында – 34 оқушы және жоғары сыныптарда – 9 оқушы білім алуда. Сонымен қатар мектебімізде қосымша «Оқуға құштар мектеп», «Дебат клубы», «Мектеп театры», «Мектеп пен отбасында 20 минут кітап оқу» жобалары жоспарлы түрде жұмыс жасайды. Аталған мектеп­ішілік жобаларға мектеп оқу­шылары мен ата-аналары түгел қамтылған, – дейді мектеп директоры Бағдат Өтегенов.

Бірқазандағы мектепте байыпты бастамалар бар

«Шебер қолдар» үйірмесіне ардагер ұстаз Советбек Маханов жетекшілік жасайды. Мұнда 15 оқушы қатысады. Үйірме мүшелері облыстық, қалалық білім бөлімінің құрмет грамотасымен марапатталған. Аймақтық түрлі қолөнер сайыстарының жеңімпаздары. Ал «Домбыра» үйірмесіне 16 оқушы тіркелген. Жетекшісі Мархабат Кеңшілікқызы өнер саласының маманы. Жырау-фольклоршы, арнаулы пәндері­нің оқытушысы, жоғары білімді, педагог-сарап­шы, өз саласы бойынша облыстық, қалалық жарыстардың жүлдегері. Оқушылары топтық, жеке түрлі ән байқауларының жеңімпаздары. Спорттық үйірмелерде тұрақты жұмыс жасайды. Атап айтар болсақ, «Тоғыз­құмалақ» «Шахмат» үйірмесі бар. Оған оқушыларды денешынықтыру пәнінің мұғалімі Хайдар Мамырханұлы баулиды. Шәкірттері қалалық спорт, білім бөлімдері ұйымдастырған сайыстардың жеңімпазы.

Бастауыш сынып мұғалімі Жанар Құрмашқызы – жоғары білімді, педагог. Тәжірибелі ұстаздың оқушылары рес­публика­лық, облыстық түрлі балалар байқауларының жеңімпазы атанып жүр.

11-сынып жетекшісі Ләйла Бекболат­қызы – қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.

– 2021-2022 оқу жылында 11 сыныпта 4 бі­тіруші түлек бар. Барлығы ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. Екі оқушымыз «Үздік аттестатқа» үміткер. Таңдаған мамандықтары бойынша екі оқушы биология-география пәнін және екі оқушы шығармашылық пәндерін таңдап отыр. Оларды таңдаған пәндері бойынша күнделікті жоғары білімді, тәжірибелі ұстаздарымыз қосымша дайындық жүргізіп отыр. ҰБТ-ның жаңа оқу жылынан бері сынама тесттерге қатысып, балл  көрсеткіштері бойынша әр пәнге басымдық беру, білім пайызын көтеру мақсатында талдау жұмыстары әр апта сайын жүргізіледі, – деді Л.Бекболатқызы.

Мұндағы мектепшілік үйірмелердің саны 9, оған қатысатын оқушылар саны 56, яғни 89 процент қамтылған. Спорттық «кіші футбол» «волейбол» «шахмат-дойбы» «асық ату» «тоғыз­құмалақ» және «шебер қолдар» «жас тілші» «домбырашылар» «жас мате­матик» «Let, s speak English» көркем өнер үйірмелері кесте бойынша апта бойы жұмыс істейді.

                                                                                  Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: