Биыл жылдың жаз мезгілінде еліміз бойынша 3,1 миллионнан астам бала сауықтыру, демалыс және еңбекпен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламалармен қамтылатын болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Оқушылардың 500 мыңнан астамы әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тағы да 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады.
Жазғы демалыс бағдарламасы әртүрлі бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, еңбек және шығармашылық белсенділік, туристік және танымдық маршруттар, зияткерлік әрі білім беру іс-шаралары да бар. Барлық ұйымдастыру шаралары 9 мемлекеттік органның қатысуымен әзірленген бірыңғай жоспар аясында іске асырылады. Осы мақсатта республикалық және өңірлік деңгейде штабтар құрылып, биылғы демалыс орталықтарының тізімі жасақталды.
Қауіпсіз әрі белсенді жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы жадынамалар, нұсқаулықтар мен гайдбуктар әзірленіп, балалар мен ата-аналарға таратылатын болады. Өңірлерде «Киелі шығыс», «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Қонақжай отбасы» секілді бірегей жобалар іске асырылады.
Биыл жыл бойы жұмыс істейтін 16 лагерь, 188 маусымдық лагерь, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, оның ішінде бірқатарында тамақтандыру қарастырылған, сондай-ақ 512 шатырлы және киіз үй лагерьлері кезең-кезеңімен ашылады деп жоспарланып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!