Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Кітапхана жүйесіндегі цифрлық трансформация: Қазақстан кітапханаларының Smart технологиясы» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг өтті. Кітапхана ісін цифрлық тұрғыдан қайта пайымдау, жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану бағытында өткен іс-шара Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Семинарға Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али қатысып, кітапхана саласын цифрлық жаңғыртудың стратегиялық маңызын атап өтті. Ол ақпараттық қоғам жағдайында кітапханалардың тек мәдени ошақ емес, ұлттық зияткерлік инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналып отырғанын айтты.
Ал Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы кітапхана ісінде технологияларды тиімді әрі сауатты пайдаланудың маңызын айрықша атап өтті. Цифрлық құралдар кітапханашының орнын алмастыру үшін емес, керісінше оның кәсіби еңбегін жеңілдетіп, қызмет аясын кеңейтуге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.
Семинардың алғашқы күні жасанды интеллект құралдарын кітапхана қызметіне бейімдеуге арналды. Қатысушылар каталогтау үдерісін жетілдіру, іздеу жүйелерін оңтайландыру, электрондық қорларды қалыптастыру және толықмәтінді құжаттармен жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті.

Ұлттық кітапхананың Ғылыми-әдістемелік қызметінің кітапханашысы Нұрлыхан Жұмахан ChatGPT платформасын кәсіби міндеттерге пайдалану, Custom GPT негізінде кітапханаға арналған цифрлық көмекшілер әзірлеу жолдары туралы мазмұнды баяндама жасады. Сонымен қатар шеберлік сағатында LibLab авторлық жобасы таныстырылды. LibLab – жасанды интеллект негізінде әзірленген цифрлық құрал. Ол библиографиялық сипаттама жасауға, каталогтау үдерісін оңтайландыруға, ақпараттық сұраныстарға жедел жауап беруге, мәтіндерді талдауға және ресми құжаттар әзірлеуге қолдау көрсетеді. Жоба кітапханашының күнделікті еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, кәсіби сапаны жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді.

Сондай-ақ Ұлттық кітапхананың Ақпараттық ресурстар қызметінің жетекшісі Толқын Замзаева каталогтау және зияткерлік іздеу жүйелері бойынша практикалық кейстер ұсынып, деректермен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін көрсетті. Семинардың екінші күні нормативтік және технологиялық бағыттарға арналды. Электрондық құжаттарды тіркеу мен ұзақмерзімді сақтау талаптары, қазақстандық каталогтаудың болашағы, кәсіби стандарттарды жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Ұлттық кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Сәлменбаева басылымдарды халықаралық сәйкестендіру жүйелері – ISBN, ISSN және ISMN ерекшеліктері, ұлттық баспасөзді тіркеу және есепке алу тетіктері туралы баяндады. Ал Ұлттық академиялық кітапхана директорының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов «Қазақстандық Ұлттық электрондық кітапхана (ҚазҰЭК) – жасанды интеллекттің жаңа құралдары» тақырыбында баяндама жасап, цифрлық ресурстарды жүйелеу, деректерді талдаудың заманауи тәсілдері және оқырманға бағытталған ақылды қызметтерді дамыту жолдарын тарқатты. Осылайша екі күндік семинар кітапхана саласының цифрлық болашағын айқындап, кәсіби ортада жаңа серпін тудырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
