Қазақстан Халық партиясы фракциясының мүшесі Ислам Сұңқар Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың атына техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) саласындағы кадр тапшылығына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің кадрлық әлеуетін арттырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. Президент экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – ең өзекті міндет екенін көрсеткен болатын.
Алайда, аймақтарда сайлаушылармен кездесулер кезінде партия депутаттары колледждер жүйесінен жоғары білікті мамандардың кету тенденциясын анықтаған.
Ислам Сұңқардың сөзінше, басты мәселенің бірі – колледж оқытушыларының еңбекақысы атқаратын жұмысының көлеміне сай келмейді. Қолданыстағы еңбекақы есептеу әдістемесі оқу жүктемесінің ерекшелігін, оқытушылардың біліктілігін және жауапкершілік деңгейін ескермейді. Соның салдарынан колледж педагогтерінің жалақысы мектеп мұғалімдерінен де, жалпы экономикадағы орташа деңгейден де төмен қалып отыр.
Мәліметке сәйкес, мектеп мұғалімдерінің апталық жүктемесі – 16 сағат, оқу жылы 34 апта болса, бұл жылына 544 сағатты құрайды. Ал ТжКБ ұйымдарында оқытушылар аптасына 18 сағат сабақ береді, оқу жылы – 40 апта, яғни жылдық жүктеме 720 сағат. Соған қарамастан, тарифтік сетка бойынша мектеп мұғалімі мен колледж оқытушысының базалық айлық мөлшері бірдей. Бұл мектеп мұғалімінің әр академиялық сағат үшін көбірек ақы алуына әкеледі.
Сонымен қатар, колледж педагогтері магистр немесе PhD дәрежесіне арналған ынталандыру төлемдерінің жоқтығын айтып шағымданған. Ал арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері жоғары білімі және 10 жылдық тәжірибесі бола тұра, мемлекеттік колледждерде айына шамамен 200 мың теңге көлемінде жалақы алады, – деді деді Ислам Сұңқар.
Депутат бұл факторлар еңбек жағдайларындағы айқын теңсіздікке, ТжКБ жүйесіндегі педагог мамандығының беделінің төмендеуіне, жоғары білікті кадрларды тартудың қиындауына және жұмысшылардың мотивациясының әлсіреуіне әкеліп отырғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде кадр даярлау сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Осыған байланысты Қазақстан Халық партиясы Үкіметке келесі ұсыныстарды енгізді:
- 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің жалақысын арттыру үшін Үкіметтің 2015 жылғы №1193 қаулысына өзгеріс енгізіп, олардың лауазымдық айлықтарына 2,0 коэффициентін белгілеу.
- ТжКБ педагогтарінің еңбекақы жүйесін қайта қарау, әділ және еңбек көлеміне сай жалақы белгілеу мақсатында тиісті тәртіпке өзгерістер енгізу.
- Магистр және PhD дәрежесі бар колледж педагогтеріне ынталандыру төлемдерін енгізу, бұл мектептер мен ЖОО-ларда қолданыстағы тәжірибемен сәйкестендірілмек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
