Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларымен және ұстаздармен кездесуде қазіргі білім беру жүйесінің даму бағыттары, мектеп басшыларының жауапкершілігі, цифрлық дәуірдің ықпалы мен жаңа буынның ерекшелігі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр атағандай, білім саласындағы басты құндылық – адам.
Ертеңгі жаңа Қазақстанның дамуына үлес қосатын ең басты күш – ұстаздар мен мектеп басшылары. Егер біз “бір мектеп – бір әлем” десек, сол әлемнің жүрегі – сіздер басқаратын мектеп. Әрбір директордың жүрегі әділдікке, теңдікке, мейірім мен балаларға деген сүйіспеншілікке толы болуы тиіс, – деді министр.
Министр өз сөзінде мектеп басшыларының кәсіби әрі адами ұстанымдарын айқындайтын үш маңызды принципті бөліп көрсетті: теңдік, табандылық және тұтастық.
Бірінші қағидат – теңдік.
Теңдік қағидаты – әрбір мектеп басшысы ұстануы тиіс басты ұстанымдардың бірі. Мектеп директоры өз ұжымынан жоғары тұрған тұлға емес, керісінше, сол ұжымның ажырамас бөлігі, яғни мектептің жүрегі. Ал мектептің негізгі тірегі – ұстаздар. Ұстаздар сізге қарап емес, сізбен қатар жұмыс істейді. Сондықтан теңдік қағидаты – басшылық қызметтің ең маңызды негізі. Сіз еден жуушыдан да, электр жүйесін қадағалайтын маманнан да, ата-аналардан да жоғары емессіз. Әрқайсысының өз еңбегі мен жауапкершілігі бар, ал мектеп – сол еңбектердің бір мақсатқа тоғысқан ортасы, – деді бас ұстаз.
Білім беру процесінің сапасы – мұғалімдердің кәсіби шеберлігімен және олардың еңбегіне деген құрметпен тікелей байланысты. Сондықтан мектеп басшысы ең алдымен сол процесстің өзегінде тұрған мұғалімдермен тең дәрежеде болуы тиіс.
Екінші қағидат – табандылық.
Өзгеріс жолында әр басшы батыл және жүйелі болуы тиіс.
Кейде ұжым үшін қарапайым өзгерістің өзі қиын сынақ болуы мүмкін. Сол кезде басшы табандылық танытып, бастаған ісін соңына дейін жеткізуі керек. Табандылық – мінездің көрінісі. Әлихан Бөкейхан айтқандай, “мінезі бар адам – басшы болуға лайық адам”, – деді Сүлейменова.
Үшінші қағидат – тұтастық.
Білім мен тәрбие үдерісі, ата-ана мен ұстаз, мектеп пен қоғам арасындағы байланыс ажырамас жүйе болуы қажет.
Оқу процесі мен тәрбие процесі бір-бірінен бөлінбеуі керек. Ата-ана, мұғалім және мектеп арасындағы үйлесімді байланыс – сапалы білімнің кілті, – деді министр.
Цифрлық дәуір және жаңа буын: мектептің жаңа міндеті
Министр қазіргі кезеңді “жылдам айналған уақыт” деп сипаттап, цифрлық технологиялардың қоғамға әсерін ерекше атап өтті.
10 жыл бұрын біз жасанды интеллект туралы ойлаған жоқпыз. Ал бүгін ChatGPT, роботтар, автономды көліктер, цифрлық жүйелер – бәрі өміріміздің бөлшегіне айналды. Бірақ бір нәрсе өзгермейді – ол адам капиталы. Біздің басты құндылығымыз – ұстаз, оқушы және ата-ана, – деді ол.
Сүлейменованың айтуынша, технология дамыған сайын білімнің адамгершілік, рухани мазмұны бұрынғыдан да маңызды бола түседі.
Осы жерде Жүсіп Баласағұнның сөзін келтіргім келеді. Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады. Технология – құрал, ал басты қозғаушы күш – адам. Болашақта жаңа мамандықтар пайда болады, бірақ адамдық қасиеттердің орны толмас, – деді министр.
Министр жасанды интеллект білім беру саласына енгізілгенімен, оның басты мақсаты – ұстазға көмекші болу екенін атап өтті.
Жасанды интеллект – мұғалімді алмастыратын емес, оның жұмысын жеңілдететін құрал. Ол қағазбастылықты азайтып, бағалауды автоматтандырады. Бірақ білімнің өзегі, баланың жүрегіне жол табатын жалғыз тұлға – ұстаз, – деді ол.
Миссия, құндылық және мақсат – табысты мектептің іргетасы
Жұлдыз Сүлейменова әр мектептің өз миссиясы мен даму бағыты айқын болуы қажет екенін атап өтті.
Мектеп қайда бара жатыр? Біздің түлектеріміз қандай тұлға болып қалыптасуы тиіс? Осы сұрақтарға нақты жауап бере алатын басшы – стратегиялық тұрғыда ойлай білетін басшы. Миссия – тек қағаздағы мәтін емес, ол бүкіл ұжымның өмір сүру философиясы болуы тиіс, – деді министр.
Ол сонымен қатар құндылықтарға негізделген менеджменттің маңыздылығын түсіндіріп, мектеп директорын “білім менеджері” және “процестің драйвері” ретінде сипаттады.
Білім мен тәрбие – бөлінбейтін ұғым
Министр қазіргі қоғамдағы күрделі әлеуметтік мәселелерге де тоқталып, мектептің тәрбиелік рөлін күшейту қажеттігін айтты.
Біз кейде “тәрбиеге csysg жетекші жауапты” деп ойлаймыз. Бірақ бүгінде бұл қағида жұмыс істемейді. Әр мұғалім – тәрбиеші. Әр педагог бала жанына үңіле алуы керек. Ерте жүктілік, буллинг, құқық бұзушылық – бұлар мектеп пен қоғамның ортақ проблемасы. Мұндай мәселелерді жасыруға болмайды, – деді министр.
“Мықты ұстаз болмаса, мықты мектеп те болмайды”
Мектеп – ең жаңа технологиямен жабдықталуы мүмкін. Бірақ егер ол мектепте мықты ұстаз болмаса, онда ол мақсатқа жете алмайды. Ұстаз – білімнің де, тәрбиенің де бастауы, – деді министр.
Сөз соңында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы артып, мектептер жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Бұл реформалар – ұстаз еңбегіне деген құрметтің айқын көрінісі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!