Дүйсенбі, 25 қараша, 04:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Директорларды шыңдайтын сайыс

12.05.2022

1360 0

Қаламызда «Edcrunch Headmaster» атты мектеп директорларының арасында ұйымдастырылған І республикалық байқау өтті. Бұл шара елімізде алғаш рет өткізілді. Білім бәсекесінде білім беру ұйымдарының басшылары бақ сынады. Аймақта ұйымдастырылған айтулы шараға облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова қатысып, мектеп басшыларына сәттілік тіледі.

– Облыстық білім басқармасы мен «Серіктес директорлар» лигасы ұйымдастырған байқау мектеп басшылары үшін үлкен серпіліс сый­ламақ. Білім беру жүйесінде жүріп жатқан өзгерістер педагогтердің ғана емес, білім беру ұйымдары басшыларының да үздіксіз кәсіби дамуы қажеттігін айқындап отыр. Сондықтан да, лига өзге де облыстардың білім беру бас­шыларымен әріптестік тәжірибе алмасу бағы­тында ал­ғаш рет конкурс өткізуді мақсат етті. Ортақ құндылықтарды да­мыту, идеялар алмасу арқылы жаңа көзқарастағы азаматтарды қалыптастырамыз, – деді басқарма басшысы.

Байқау өзара тәжірибе ал­масу және білім беру ұйымы­ның озық инновациялық идеяла­рын насихаттауды мақсат ет­кен. Білім бәйгесіне Шығыс Қазақстан, Ақ­мола, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларынан 6 директор қатысты. Олар 5 кезең бойынша біліктіліктерін көр­сетті. Білім ұйымының бас­шы­лары І кезең­де соңғы 3 жылдағы жетістіктері бойынша «Мен табысты басшымын» тақы­­рыбында бей­неролик дайын­даған. ІІ кезеңнің шарты бойын­ша «Басқарудағы менің же­тіс­тіктерім» тақырыбында өз мектебі бойынша атқарған жұ­мыс­тарының таныстырылымы жасалды. Ал ІІІ кезеңде «Жаңа мектеп – жаңарған жоба тақы­рыбында өз жобаларын қорғаған. ІV кезеңде мектеп директорлары TedX форматында бе­рілген тақырып бойынша ашық алаңда пікірін білдірді. Ең соңғы V кезеңде басқару жағдаяттарын шешу бойынша сайысқа түсті.

Байқаудың нәтижесі бойынша бас жүлдені қаламыздағы №101 мектеп-лицейінің директоры Айгүл Алтынбекқызы жеңіп алды. Ал ІІ орынды Ақмола облысының Щучинск қаласындағы №7 мектеп-лицей директоры Дамир Сураганов иеленді. Түркістан облысы, Ата түрік атындағы №17 мектеп-гимназия директоры Рахила Үрімова жүлделі ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы алғыс хат табысталды.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: