Жексенбі, 30 маусым, 15:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51-2061
29.06.2024
PDF мұрағаты

Дурлештер – мектебімнің ғасыр үні

26.04.2022

526 0

И.С.Дурлештер – «КСРО-ның ағарту ісінің үздігі», «Қазақ ССР-ның ағарту ісінің үздігі», 1975-1993 жылдар аралығында №5 мектеп-лицейінде жұ­мыс істеген, «Жалпы және аналитикалық химия» ка­бинетін жабдықтаған ұстаз.

Дурлештер Исаак Са­вельевич 1921 жылы Мол­давияда дүниеге келген.  Ол дәрігер болуды арман­даған. Бірақ сұрапыл со­ғыс басталып кетіп, оның бұл арманы орындалмайды. Ол Сібірдегі танкі мен қару-жарақ шығаратын фронтқа жіберілген. Кейін ол эвакуациялау жұмыстары жүр­гізілу барысында Қазақстанның оңтүстігіне тап болған. Қаладағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтта білім алған. Институтты тәмамдап, химия пәнінің мұғалімі атанады. Алғашқыда институтта, кейін И.В.Панфилов атындағы №5 мектепте химия пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Сыр өңірінде отбасын құрып, екі ұл тәрбиелеп өсірген. Оның жұбайы – Софья Ильинична қаладағы білікті гинеколог мамандарының бірі болған. И.С.Дурлештер 1993 жылға дейін №5 мектепте қызмет атқарған. 72 жасында кенже баласының қолына, немерелерінің жанына Самараға жол тартқан.

Ол химияны жанындай жақсы көрген. Оқу­шылардың да бұл пәнге деген қызығушылықтарын оятуға бар күш-жігерін салған. Өзі қызмет атқарған №5 мектепте «Жалпы және аналитикалық химия» кабинетін ашып, жабдықтаған. Оқушыларға химиялық реакцияларды, элементтердің қосылыстарын тәжірибе жүзінде көрсетіп, олардың бұл пәнді толық меңгеріп шығуларына барлық жағдайды жасаған.

Қажырлы еңбектің арқасында  көптеген шәкірттерді тәрбиелеп, олардың болашағына үміт отын жаққан. Бүгінде И.С.Дурлештердің шәкірттері дәрігер, химия пәнінің білікті ұстазы, инженер т.б. қызметтер атқарып келеді.

Бүгінгі таңда ұлы тұлғаның 100 жылдық мерейтойына орай И.В.Панфилов атындағы мектеп-лицейінде «Дур­лештер – мектебімнің ғасыр үні» тақырыбында еске алу кеші өтті. Қала мектептерінің мұғалімдерінің арасында волейбол жарысы өткізілді.      

Еске алу кеші арнайы құрылған бағдарламаға сәйкес жүргізілді.  Бағдарламаға сәйкес, №5 мектеп-лицей оқу­шы­ларына арнайы «Химияның таңғажайыптары» атты тәжірибе алаңы ұйымдастырылды.

Сонымен қатар №5 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімдері Зағира Рахымбекова мен Айнұр Қайырқұлова химия пәнінен ашық сабақтар көрсетіп, аймақтық мектеп мұғалімдерімен өз тәжірибелерін бөлісті.

Дурлештер Исаак Савельевичтің замандасы, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қызылорда қала­сының құрметті азаматы Подольский Марк Захаровичке арналған  «Не стареют душой ветераны» атты мектеп-лицейінің оқу­шыларының қатысуымен сұхбат алаңы болып өтті.           

Мектеп-лицей директоры Рита Мұхашова келген қонақтарға алғыс білдірді.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» – деп, дана халқымыз бекер айтпаса керек. Алайда әлеуметтік желіде И.С.Дурлештер жайлы ақпарат жоқтың қасы.

Ақпарат жедел алмасқан заманда осындай ел дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаларды әлемге танытып, олар жайында ақпаратты кеңінен таратқан жөн. Энциклопедиялық оқулықтарды жаңартып, Дурлеш­тер сынды құрметті азаматтардың есімдерін танымал тұлғалардың тізіміне қосып қоюды ұсынамын. Осы орайда Қызылорда об­лыс­тық мұражайына да ке­меңгер ұстаздың еңбек жо­лына арналған бұрыштың ашылуы қолға алынса, ел тарихынан орын алар игі істің бастамасы болары хақ.

Фарида Бегманова,

И.В.Панфилов атындағы

 5 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: