Мәжілісте “Қазақстан Республикасында жасанды интеллектіні дамыту” тақырыбында өткен парламенттік тыңдау кезінде ЖИ-ді қолдануға бағытталған түрлі жобалардың көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көрмеде ұсынылған жобалардың бірі – AICheck.
Ахмет Қуанышбекұлы – Шәкәрім университетінің 3-курс студенті.
Оның таныстырған жобасы AICheck деп аталады. Бұл жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін академиялық тексеру жүйесі. Оның негізгі міндеті – студенттік және дипломдық жұмыстардың шынайылығын, яғни адамның өзі жазды ма, әлде жасанды интеллект көмегімен жазылды ма – соны анықтау.
Тексеру төрт негізгі бағыт бойынша жүргізіледі: мәтін құрылымы, логика, грамматикалық қателер және адами қабілет. Мысалы, жүйе белгілі бір жұмыс бойынша «адами үлестің» пайызын анықтап береді. Егер жұмыс шынайы жазылған болса, 75–80% көрсетеді. Ал ЖИ генерациялаған мәтінде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болады.
Жүйе генерацияланған сөйлемдерді анықтау үшін арнайы тілдік белгілер мен фразаларды таниды. Мысалы, «біріншіден», «екіншіден», «сонымен қатар», «таким образом», «следовательно» сынды құрылымдар тым жиі қолданылған болса, бұл мәтіннің ЖИ арқылы жазылғанын білдіреді, – дейді студент.
Жүйе үш тілде жұмыс істейді және 9 ай ішінде әзірленді. Қазіргі таңда бұл жүйе Шәкәрім университетінде сәтті қолданылып жатыр. Болашақта Қазақстан бойынша жоғары оқу орындары арасында кеңінен тарату жоспарда бар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!