Өңірдегі физика-математика бағытындағы мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні ашылған еді. Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына қазақтың маңдайына біткен марғасқалар арнайы ат терлетіп келді. Атап айтқанда, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов және Мемлекет қайраткері Мұрат Бақтиярұлы елдің болашағы білімді жастардың қолында екенін айтып, оларға сенім білдірді. Осындай алып құрылысты сапалы орындап, ел болашағы жолында еңбектенген құрыш қолды құрылысшыларға да арнайы алғыс айтылып, марапат мінберіне шықты. Біз жаңа білім ұясының директоры Ерлан Серікбайұлымен сұхбаттасқан едік.
– Ерлан Серікбайұлы, таяуда ғана ашылған бұл лицей республика бойынша алғанда қандай деңгейде?
– Сөз бастамас бұрын өзімді таныстырып өтейін. Мен осындай «Білім-инновация» лицейлерінде білім алдым. Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің түлегімін. «Білім-инновация» лицейлерінде он алты жылдан бері жұмыс істеп келемін. Информатика пәнінің мұғалімі, ғылым магистрімін.
Қазақстан бойынша ешқандай қалада үш бірдей «Білім-инновация» лицейі жоқ. Бұрын бір қалада мұндай бағытта әрі кетсе, екі оқу орны болатын. Қызылорда бәрінен озып тұр. Тағы бір жағынан, физика-математика бағытында арнайы ашылып жатқан тұңғыш лицей.
Мектеп мемлекеттік стандартпен оқытады. Бірақ алдағы уақытта ІВ жүйесіне өтуді жоспарлап отырмыз. Былайша айтқанда, халықаралық бакалавриат. Бұл оқу ордасында жаратылыстану пәндерінің барлығы ағылшын тілінде оқытылады. Физика-математика пәндері аптасына 4-5 сағат болады деп жоспарлануда. Балаларды топқа бөліп оқытылады. Тағы бір айта кетерлігі, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Келіп жатқан 7-сыныптар үшін аптасына 9 сағат болып бекітілмек. Алғашқы жартыжылдықта осылай басталады да, екінші жартыжылдықта балалар жаратылыстану пәндерін бірыңғай ағылшын тілінде оқуды бастап кетеді.

– Сіздердің қолданыстарыңызда балаларға білім берудің қандай да бір тың тәсілдері бар ма?
– Ең көп қолданылатыны – CLIL методикасы. Бұл – тіл мен білімді бірге үйрету. Ендігі бір бағыт – PBL. Мұнда мәселен, мен балаларға осы тоқсанның аяғында ең пайдалы сабын жасап келген балаға 100 балл қоямын деймін. Көрдіңіз бе, балалар бұл тапсырманы орындау үшін өз бетінше сабынның құрамын зерттейді. Ал мен оларға оны айтпаймын, білуге, ізденуге бағыт беремін. Тоқсанның аяғында балалардың әрбірі өз сабынын қорғайды. Мен мұны Петропавл қаласында жұмыс істеп жүргенде қолданғанмын. Бала жоба дайындап жүргенде өзіне керекті материалды өзі зерттеп, біліп алады. Көп жерде осы әдісті қолданамыз.

– Елдегі білім жүйесінде осындай тың әдістердің қолға алынғанына көп болды. Нәтиже бар ма? Төрткүл дүниені өзіне қаратып, пай дегізетіндей қандай жемісті жолдар бар? Міне, қазақ ғылымы осындай деңгейге жетті дейтіндей не айта аламыз?
– Түк нәтиже жоқ деп айта алмаймыз. Бізде небір талантты, өнерлі, дарынды балалар бар. Жақында ғана жаңалықтан көрдік, Назарбаев университетінің студенті жасанды интеллектінің отандық үлгісін жасап шығарды. Жасанды интеллектінің заңдылығында әр мемлекет өзінің үлгісін қолдану керек. Біреудікін қолдана алмаймыз. Біздің қазақ ғалымдарының осы қадамы дамудың даңғылында екенімізді айғақтайды. Мұндай таланттар шығып жатыр. Әлемдік бәсекелестікке ілесе алмай жатқан шығар, бірақ әрекетсіз емес. Өткен жолғы халықаралық пәндік олимпиададан Қазақстаннан барған балалардың барлығы жүлделі орын алып келді. Мұның өзі неге тұрады?! Менің ойымша, біз көрсете алмай жүрген жоқпыз, біз бағалай алмай жүрміз. Мысалы, екінші қабатта академик Асқар Жұмаділдаевтың «Ірі істер кішкентай қадамдардан басталады» деген сөзі жазылып тұр. Ол – Америкадағы «Гарвард» университетіне барып семинар өткізіп жүрген ғалым. Оның сондай мықты екенін барлығы емес, көбіне білім саласындағылар ғана біледі. Қызылордалықтар таниды, мысалы Қостанайдың бір тұрғынынан сұрасаңыз, ол танымауы мүмкін.

– Бұл оқу орнында кімдер оқиды? «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» білім алатын жер болар…
– Тіркеу 7-30 сәуір аралығында жүрді. Сол уақыт аралығында Қазақстанның 17 аймағынан 1445 бала тіркелді. Солтүстік Қазақстан, Абай және Павлодар облысынан бала тапсырмады, қалған өңірдің барлығынан бар. Сол балалардың ішінен 200-і іріктеліп алынды. Олар – Қазақстанның он аймағынан. Оның ішінде 15 пайызы – әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары. Қазіргі таңда төрт 7-сынып, төрт 8-сынып бар. Балаларға интернаттан орын беріледі.

– Балалардың бар уақыты білім алуға кетсе, тәрбие жағы ақсап қалмай ма?
– Адамзаттың екінші ұстазы әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар. Жоғарыда айтып өткендей бізде «Құндылықтарға негізделген білім» жүйесі арқылы балаларға білім мен тәрбие қатар беріледі. Бала теория ретінде айтылған тәрбиелік құндылықтарды айналадан көре білу керек. Мәселен, мен балаларға әділ болыңдар, кісі ақысын жемеңдер деп айтып кеттім делік. Кейін ол асханаға барғанда аспаз апай басқа балаға тамақты көптеу салып, бұл балаға аз берген болса, баланың ойында «мұғалім айту керек, айтып жатыр. Мұны істеуге міндетті емеспін» деген ой қалыптасады. Балаға темекі тартпа, мынаны бүйтпе, ананы сөйтпе деп мұғалім айтқанымен, ол үйіне барғанда ол дағдыны ата-анасынан көрер болса, онда да дәл солай. «Менен сұраса мен де мұны жаман дей беремін, бірақ істеуге болады» деп ойлайды. Өйткені қазақ «бала – ата-ананың айнасы» деген.
– Мұндай «Білім-инновация» лицейлерінің бірнешеуін көрдім дедіңіз. Бұл оқу ордасының материалдық базасына байланысты не айтар едіңіз?
– Мектептің материалдық базасы керемет. Республикадағы «Білім-инновация» лицейлерінің арасындағы ең мықтысы осы мектеп деуге толық негіз бар. Сегіз лаборатория, бес шеберхана бар. Ағаш өңдеу, темірмен жұмыс істеу, кулинария, қыш жасау, тігін тігу, робототехника тәрізді кабинеттер бар. Ағылшын тіліне арналған сегіз кабинет бар.
Әр баланың ерекше қасиеті болады. Мектептің ең басты миссиясы – соны айқындау. Оның талантына жол ашу керек. Бәлкім, бұл мектептен физика-математика бағытын бітіріп шыққан бала ертең ұлы ақын болуы мүмкін. Ендеше, неге ақын болатын балаға тек физика-математика бағытын үйретуіміз керек?! Болмаса, ертеңгі күні бір түлегіміз әлемді өзіне қаратқан мықты дизайнер болып шығуы мүмкін. Өйткені, алтыншы сыныпқа келген бала өзінің қабілетін толық айқындай алмайды. Біз соны белгілеп, жолға салып жіберуіміз керек. Өкінішке қарай, көп мектептерде біздегідей мүмкіндік жоқ. Бір бала келіп, ағаш ұстасы боламын десе, ол мектепте тіпті қол ара да болмауы мүмкін. Бала бойындағы бар өнерді іске асырып, қабілетіне сай идеясын жүзеге асыруға мүмкіндігі болу керек.

– Көп жерлерде дене тәрбиесі пәніне мән берілмей жатады. Тіпті, бітіруші сыныптардан алып тастаған да жағдайлар болды. Бұған не дейсіз? Физика-математика бағытына басымдық бергенде ол пәндер тізімнің сыртына шығып қалмай ма?
– Мен де дәл осы мәселені ойлап отыр едім. «Гарвард» университеті көп пәнге зерттеу жасаған. Мәселен, әр мектептен бір-бір пәннен алып тастап отырып, нәтижесін тексереді. Олардың білгісі келгені – қай пәннің балаға қатты әсер ететіні. Сенесіз бе, ең қатты әсер ететін пән дене шынықтыру пәні болып шығады. Дене шынықтыру пәнін алып тастағанда балалар әлсіреп, сергектігі жоғалып, басқа сабақтарды оқи алмай қалыпты. Ал біздің бұл пәнге көзқарасымызды ауладағы ат шаптырып алаңның өзі айтып тұрған шығар… Іште де барлық қажеттіліктермен қамтылған спорт залымыз бар.
– Тамаша. Жоғарыда айтып өттіңіз, мұнда он аймақтан келген балалар бар. Ата-аналармен қалай байланысасыздар?
– Біз ата-ана басқа аймақта екен деп қол қусырып қарап отырмаймыз. Олардың барлығын қайта-қайта шақырып отырамыз. Дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын тәрбие сағаттары бар. Ата-ана жылына бір рет оқу орнына келіп, тәрбие сағатын өткізіп, мұғалімнің айтқан сөзін қолдап, балаға бағыт беріп кетеді. Бұл балаға тәрбиелік процестің әсер етуін күшейтеді. Тағы бір түрі, мұғалімдер ата-аналардың үйіне қонаққа барып, бейресми сұхбаттасады.
– Жаңа ғимараттың басқа оқу орындарынан өзгешелігі неде?
– Ғимараттың барлық қажеттіліктермен қамтылғанының тағы бір мысалын айта кетейін, ол – баланың қауіпсіздігі. Күзет пен турникеттен бастап, ықпал етеді. Өйткені бала өзін қауіпсіз сезінбеген жерде білім ала алмайды. Ғимараттың жоспарына келсек, оқу орнымен жатақхананы қосып жібергені керемет болған. Өйткені ол – әуелі қауіпсіздік, сонан соң тиімділікті көрсетеді.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!