Қызылорда қаласындағы NIS-те 2025 жылғы түлектерге аттестат табыстау рәсімі өтті. «Exit: мектеп, Enter: болашақ» атауымен ұйымдастырылған шара түлектердің жаңа өмір жолына жасаған алғашқы қадамын білдіретін маңызды оқиғаға айналды.
Салтанатты шара өңірдегі мәдениет пен өнердің іргелі ордасы – Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасында өтті. Биыл 151 түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. Олардың төртеуі «Алтын белгі» иегері атанса, тағы 12 түлек үздік аттестатқа ие болды. Жас зияткерлер оқу барысында ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, қорытынды жиынтық бағалауда және халықаралық тіл емтиханында жақсы нәтиже көрсете алды.
– Біздің мектеп халықаралық A-Level стандарттарына негізделген NIS Programme бағдарламасы бойынша оқытады. Бұл бағдарлама әлемнің жетекші елдері тарапынан мойындалған. Сыртқы жиынтық бағалау қорытындысы бойынша түлектер Кембридж сертификатын алады. Бұл – күрделі әрі жауапты сынақ. Соған қарамастан, биыл әр үшінші түлегіміз А және А* деңгейінде жоғары бағаға ие болып отыр. Бұл — оқушылардың табандылығы, ұстаздардың тәлімі мен ата-аналардың қолдауының нәтижесі деп білеміз., — деді мектеп директорының міндетін атқарушы Калман Беймбетов өз сөзінде.

Шара барысында сынып түлектері сахнаға жеке-жеке көтеріліп, әрқайсысы мектеппен қоштасу сәтін ерекше сезіммен қарсы алды. Концерттік бағдарламада шырқалған әндер мен жүрекжарды лебіздер мектеп қабырғасындағы естеліктерді айшықтай түсті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!