Жұма, 07 қараша, 22:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№84, 2196
04.11.2025
PDF мұрағаты

Ғылыми әріптестікті күшейту керек: Ғалым қазақ-қытай қатынасы туралы айтты

07.11.2025

47 0

Фото: автордан

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі Тайваньның Қытайға қайта оралуының 80 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань ЧуньлиньТайваньның қайта оралуының 80 жылдығына арналған салтанатта сөз сөйлеп, тарихи маңызына ерекше тоқталды.

Бүгін біз Қытай Халық Республикасының Елшілігінде жиналып, ұлтымыздың тарихында мәңгілікке жазылған маңызды оқиға – Тайваньның қайта оралуын бірге еске алып отырмыз, – деді ол.

Елші Тайваньдың 1945 жылы Қытай құшағына қайта оралуын, Жапонияға қарсы соғыстағы халық ерлігі мен жеңістің нәтижесі ретінде атап өтті.

Хань Чуньлиньнің айтуынша, Тайваньның азат етілуі тек тарихи оқиға ғана емес, Қытайдың егемендігін қалпына келтірген және ұлттық бірлікті бекіткен дәлел.

Елші сонымен қатар тарихи деректерге сүйене отырып, Тайвань мен Қытай материктік бөлігі арасындағы мәдени және тарихи байланыстар ешқашан үзілмегенін атап өтті.

Тайвань мен Қытай – біртұтас мемлекет. Бұл қағида тапталуға болмайтын бұлжымас ұстаным. Екі жағалаудағы қарым-қатынас тарихы көрсеткендей, бауырлар қаннан да жақын туыстық байланысқа, бір-біріне қолдау көрсетуге және ұлттық сәйкестікке ие, және де бұл ешкімнің де, ешқандай күштің де өзгертуге қауқарсыз қасиет, – деді Хань Чуньлинь.

Сонымен қатар елші қазіргі таңда “Бір Қытай” қағидаты халықаралық қатынастардың маңызды ұстанымына айналғанын, әлемнің 183 мемлекеті ҚХР-мен дипломатиялық қатынас орнатқанын атап өтті.

Хань Чуньлинь екі арал арасындағы экономикалық, мәдени байланыстар мен ынтымақтастықты нығайту, бауырлас халыққа қамқорлық көрсету, бейбіт жолмен интеграция мен ұлттық бірлікті сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Екі жағалаудағы қатынастарды дамыту үшін жасалып жатқан барлық ісіміз – бауырлас халықтың жақсы өмірге деген үмітін жүзеге асыруға бағытталған, – деді ол.

Ал заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов «Тайваньның Қытайға қайта қосылуының 80 жылдығы» атты шараға қатысып, Қазақстанның қазіргі ұстанымына қатысты пікір білдірді.

Жамаладен Ибрагимовтың айтуынша, Тайваньның Қытайға қайта қосылуының сексен жылдығы – бұл Қытайдың “бір мемлекет, бір саясат, бір қоғам” ұстанымының көрінісі. Ғалымның пікірінше, бұл идея тек Қытайға ғана емес, барлық мемлекеттерге тән болуы тиіс. Қазақстанның Мемлекет басшысы да Шанхай ынтымақтастық саммитінде және соңғы іс-сапарында осы саясатты қолдайтынын атап өтті.

Біздің мемлекет Конституцияға сәйкес унитарлы мемлекет болып табылады. Сондықтан болашақта Конституциямызға қандай өзгеріс енгізілсе де, унитарлық тәуелсіздік нормалары ешқашан өзгермейді. Бүгінгі шараның маңызы – мемлекеттерге қоғамды біртұтас ұстаудың үлгісін көрсетуде, – дейді профессор Ибрагимов.

Ғалым шара барысында көптеген сарапшылар мен ғалымдармен кездесіп, Қытай тәжірибесін зерттеу мүмкіндігін атап өтті. Мысалы, Еуразия ұлттық университетінде Лу Бань шеберханасы жұмыс істейді, ал университеттің ғалымдары Қытайға бірнеше іссапармен барып, тәжірибе жинақтаған.

Жамаладен Ибрагимовтың пікірі бойынша, Қытай халқы құқықтық үстемдікке үлкен мән береді, сонымен қатар “Дао” – түзу жол қағидатын ұстанады. Ол екі ел арасындағы тиімді қарым-қатынастың негізі ретінде қарастырылады: әріптес түзу жолдан шықпаса, қарым-қатынастың бағыты бұзылмайды.

Біз бәсекеге қабілетті елдердің қатарында болу үшін стратегиялық, прагматикалық бағдарламаларды зерттеп, оңтайлы тұстарын өзімізге бейімдеуіміз керек. Қарапайым азаматтар арасындағы Қытайға деген үрейді жою маңызды. Бұл мемлекеттің әлеуеті үлкен, сондықтан ғылыми әріптестікті күшейтіп, оның экономикалық, саяси және әлеуметтік тәжірибесін қолдануымыз керек, – деп атап өтті профессор Ибрагимов.

Ғалым соңында бүгінгі шараның Қазақстан үшін болашақта ғылыми, стратегиялық және экономикалық тұрғыдан берері көп екенін айтты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: