Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде 2022-2024 жылдарға арналған ғылыми жобалардың жеңімпазы атанды. Байқауға ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар ұсынылды.
Нәтижесінде, филология ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімованың «АР14872046 Қазақстанда жоғары білім беруді интернационаландыру: болашақ бағыттар» жобасы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлзира Оралованың «АР14870690 Сыр өңіріндегі киелі орындар мен ислам құндылықтарының әдеби-танымдық ерекшеліктері» жобасы және философия докторы (PhD) Нұрлыбек Қоңырбаевтың «АР14869851 Робототехникалық жүйелерді машиналық оқыту әдістерін зерттеу және әзірлеу» жобасы қаржылай қолдау тапты. Бүгінде 3 жылға жоспарланған жобалар жұмысын бастап кетті.
Бұдан бөлек, оқу орнында ҚР ҒЖБМ ҒК гранттық қаржыландыру шеңберінде 9 жоба, жергілікті атқарушы органдардың тапсырысымен 3 жоба, Еуропалық Одақтың «Горизонт-2020» зерттеулер мен инновациялар жөніндегі бағдарламасы бойынша 1 халықаралық жоба, ҒЗИ мен кәсіпорынның тапсырысы негізінде 2 шаруашылық келісімшарт, мұнай компаниясымен келісімшарт бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстары аясында 1 жоба орындалуда.
Айта кетейік, биыл тамыз айында «Ғылым қоры» АҚ-ның гранттық қаржыландыру нәтижесінде «Құрамында мұнайы бар қалдықтарды инновациялық технология бойынша өңдеу» жобасы өндіріске енгізілді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!