Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 11:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Грант «гарант» бола ма?

25.08.2020

1236 0

Мектеп түлегін жаңа өмірге әзірлеген әрбір отбасы сан түрлі қобалжуды бастан өткеретіні белгілі. ҰБТ-ға дайындық шырғалаңы мен бітіру кешіне кететін шығынды ойлап-ақ маза қашады. Одан қалды, жаңа қалаға ескі киім жарамайды, баланы киіндіру, жарағын түгендеу керек. Міне, осы мәселенің әлегімен жүріп көптеген ата-ана жас түлектің  мамандық таңдау, болашақ бағдарын таразылау төңірегіндегі шешімтал тұста мән бермей, мардымды кеңес айтуда кемшін түсіп жатады. Ел қатарлы көрер деген бейқамдық, ақыр соңы көңілі алып-ұшқан баланың білім-білік, дағдысына тән мамандық таңдауына, келешек қызметін қамдауына тұсау болуда. Нәтижесінде, ҰБТ-дан аз балл жинаған оқушы, көзді жұмып, гранттың үлесі басым мамандықты еншілеу белең алып келеді.

Жуырда мемлекеттік білім беру гранттарының қорытындысы жарияланды. 4088 грант – жаратылыстану, математика және статистика салаларына, 3815 грант – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар үшін, 2700 грант – денсаулық сақтау саласына, 1565 грант – ауыл шаруашылығы үшін, 979 грант – іскерлік, басқару және заңгерлік мамандықтарына арналған. Ел көлемінде бөлінген 53 мыңға жуық грантты иеленуге бар түлек ұмтылды. Оның ішінде Сыр елінің 3948 түлегі мемлекеттік грантқа өтініш беріп, олардың 3058-і грант иегерлері атанған екен.

Әрине, әр түлектің жоғары оқу орнына түсуі – елге мерей, аймаққа абырой, мектепке мақтаныш. Алайда, білім іздеген жас өскін «адасып»  түскен саласын игере ала ма? Түлектер мамандықты қаншалықты дұрыс таңдауда? Еңбек нарығында өзінің білімін, қабілетін қаншалықты таныта алады? Осы сұраққа жауап іздеген дұрыс секілді.

Баланы мемлекеттің «мойнына артып» қою оңай іс, ең қиыны – сол салада білікті маман атануы, нәпақа табуы. Әйтпесе, дипломы сандықтың түбінде сарғайып, қызметін өзгерткен қаншама тағдырлардың көріп жүрміз. Сондықтан «ата-анаға күш салмай, тегін оқысам болды» деген бейкүнә ой мен «бұйырған мамандық осы шығар» деген көнбіс көңіл түбі қай тарапты болмасын аямасы белгілі.

Даудың басы — ҰБТ, байламы — «Алтын белгі»

Байқасақ, биыл да бұл үрдіс қайта көрініс берген секілді. Мысалы, аймақтағы мемлекеттік білім грантына үміткер бол­ған оқушылардың басым бөлігі тех­никалық мамандықтарды таңдапты. 980 талапкер – педагогикалық, 356 түлек – медициналық, 912 үміткер – техникалық мамандықты таңдаса, 212 түлек – ауыл шаруашылығы және 598 түлек өзге бағыттағы мамандықты қалаған.

Ал жас түлек бұл мамандыққа дайын болды деп айту қиын. Көбісі «кездейсоқ» гранттың жетегінде кеткен секілді. Тіпті, оқуды ілбіп бітірген оқушы мемлекеттің тегін  оқу грантын егеленіп, ел үміт артқан «Алтын белгі» иегерің сенімді ақтай алмағынын да көз көріп жүр.

Бұл мектептердің «Алтын белгі» әзірлеу әлеуетіне қадағалау жетіспейтінін жеткізсе, оқушылардың көтере алмайтын шоқпарды белге байлап, артық жүк арқалайтынын аңғартты.

Сол себепті, жалаң жетістік пен құр цифр қуғаннан көрі, нақты білімге назар аударған дұрыс секілді. Себебі, балаға барлық пәнді 5-ке білу мүмкін де, міндет те емес. Тек балашақ бағдарына қажетті артықшылық игерсе жеткілікті. Бұрынғыдай бір мектептен 10 алтын белгі шығару — бүгінде мақтан емес. Бәсеке — сапаға айналды. Соны ескерсек екен.

Бірдей балл — түрлі грант

Осы орайда мемлекеттік білім беру гранты төңірігіндегі бірнеше кикілжіңді де атап өткен жөн секілді.

Мәселенің ең маңыздысы – әр өңірдегі грант баллының шектік мөлшерінің құбылуы. Бір мамандыққа тегін оқудың орташа баллы әр қалада түрліше белгіленеді. Бұл өзгеріс жыл сайынғы мемлекеттік конкурс дауына айналып келед. Мысалы, ҰБТ-дан 70 ұпай жиған түлек өзге өңірде грант иленсе, сол мамандық, сол баллмен қызылордалық оқушы аймақтағы жоғарғы оқу орнына түсе алмайды. Осылай қаншама үміткердің үміт оты сөніп, өмір жолы өзге тарапқа ойысқан баланың обалына қалуда.  Білім және ғылым министрлігі бұл ерекшеліктің мән-жайын талапкердің таңдауы аз түсетін өңірде мүмкіндіктің көп болуымен түсіндірсе де халық көңіліндегі алаң басылар емес.  Тіпті, мұндай тиімсіз алгоритм мен шикі логиканың қисынын табуға бағытталған «Серпін» бағдарламасы да мәселенің оңтайлы шешілуіне сеп болмауда. Сондықтан, министрліктің аталған мәсе­леге мән бермей жас түлектің талабы оңалмасы анық.

Қажетсіз диплом, қадірсіз мамандық

Баласы грантқа түсті деп сүйіншілеген ағайын нарық талабы, оқушының ма­мандықпен дағды үйлестігі секілді за­манауи қағидаларды білмеуі салдарынан келеңсіздікке ұшырауда. Дипломын қолына алған түлек іздеп табалдырық тоздырғанда күткен үміт, медет мерей су сепкендей басылады. Мұның мәні неде? Әрине, ата-ана бұрынғы ізбен мәесленің бастауын сапасыз білім мен біліксіз ұстазға телиді. Шындығында, шиленістің өзегі – мамандық таңдауда еді…

Мамандықтың жаманы жоқ, икемі мен ынтасы аз талапкер ғана бар. Әлемдік педагогикалық тәжірибе дәлелдегендей,  ынталы адам ғана өз ісінде нәтижеге жетеді, биікті бағындырады.  Сондықтан, мамандық та ынтаның жемісі, таңдау еркіне үйлесімі болуы қажет.  Біздегі мамандық таңдай үрдісі осы талаптарға жауап бере бермейді.

Мәселен,  жастайынан дәрігер болуды армандаған түлек ҰБТ-дан аз балл жинаса, амалсыз өзге салаға ойысады. Жеңілдіктің жетегі мен гранттың бағдарымен күн­көріске кіріседі. Таңсық сала жанына жақса ілесер, болмаса қайырлап қалған қайықтай еңбек нарығынан ысырылады.  Тіпті,   4 жылдық оқудан кейін сенделіп жұмыс таппай, алғашқы саласына қайтып оралу мақсатымен екінші жоғары оқуға екі шығындалатындар да жетерлік.

«Серпін» серпін бермей тұр

– «Серпін» бағдарламасымен Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін аяқтадым. Мамандығым – «Ақпараттық қауіпсіздік». Өзім таңдаған сала болма­ған­дықтан, білім алуға аса қызығу­шылығым болмады. Тегін оқу, жатақхана, жол шығынын өтейтін жеңілдік себеп­терімен осы бағдарламаны таңдап едім. ҰБТ-дан аз ұпай жинағасын, ата-анама да ауыртпалық түспесін деген ой болды. Алайда, оқуды аяқтаған сәтте жұмыс таба алмадым, әрі ынта да болмады. Кейіннен жеке кәсіп ашуды көздеп, дипломмен жұмыс, – дейді қала тұрғыны Асхат Кеңесбаев.

Бүгінде «Серпін» бағдарламасы да өзекті мәселенің біріне айналуда. Бағдарламаның кемшін тұсы – баланың мамандық  аңдау емес, тиісті өңір таңдауына басымдық беру. Аталған бағдарлама жарыққа шыққалы көп­теген түлекке үлкен мүмкіндік көзі болғанын жасырмаймыз. Жеке және мемлекеттік гранттарға қарағанда бұл бағдарламадағы жеңілдіктер жастарды өзіне баурай білді. Оқудан бөлек жол шығыны мен өзге де көмектердің көптігі бағдарламаның танымалдығын арттырған. Сондықтан болар, шалғай елді мекендегі ағайынның көбісі баласын «Серпінге» тапсыруға үндеген. Тегінге құлшынып, бағдарламадағы тиімді ма­мандыққа «тапсыра салу» белең алып еді. Салдарынан түлек­тердің арасында «адасып түскен азаматтардың қатары тағы да көбейді. Әрине, бағдарламаның игілігін көріп, сапалы білімге қол жеткізгендерді қоспағанда, мамандықты игере алмай «ауылға қайтқан» жастардың да қатары мол екені анық.

Мамандық таңдау маңызды қадам екені анық. Оған жүрдім-бардым қарау – өз өміріңе мән бермеу, ел болашағына зиян келтіру. Сол себепті түлектер болашақ табыс көзі мен таным биігін салмақты саралап, байламды ұстанымда болуы қажет. Экономика мен әлеуметтік келеңсіздіктің бір күрмеуі сонда ғана шешілмек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: