Адилия Капизова – 2018 жылдан бері инклюзивті білім беру саласында жұмыс істеп келеді. Бүгінде “Келешек мектептері” жобасы аясында салынған Астана қаласындағы №102 мектептің педагог-ассистенті. Ол BAQ.KZ тілшісіне өзі жұмыс істейтін мектептегі инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерін таныстырды.
Адилия Капизова еңбек жолын бастағанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арнайы кабинеттер көп мектептерде болмағанын айтты.
Өзімнің кәсіби жолымды “Әр бала мектепке лайық” атты “Болашақ” корпоративтік қорының жобасы аясында бастадым. Бұл жобада инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға ерекше мән берілді. Ол уақытта мұндай инклюзияны қолдау кабинеттері барлық мектепте бола бермейтін. Бүгінгі таңда “Келешек мектептері” ұлттық жобасы аясында инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері мектеп 300 орындық болса да, 2500 балаға арналса да, әрбір мектепте құрылып жатқаны қуантады, – дейді маман.
Бұл өз кезегінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, білім алуы үшін қажетті, арнайы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Қазіргі мектептердегі инклюзия кабинеттері Оқу-ағарту министрлігінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы №70 бұйрығына сәйкес жиһазбен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олар кедергісіз, түзету-дамыту және психологиялық тұрғыдан қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Біздің инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінде жеке және топтық сабақтарға арналған аймақтармен қатар, педагогтарға арналған бөлік және релаксация аймағы бар. Жеке сабақ өткізу аймағына ерекше назар аударылады. Бұл жерде баланың назарын алатын бөгде факторлардың әсерін азайтып, баланың назарын шоғырландыруға және педагог-ассистентпен жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін бөлгіш қалқалары бар үстелдер орнатылған, – дейді Адилия Капизова.
Педагог-ассистент топтық сабақ аймағын фронталды нұсқауларды қабылдау дағдыларын, сыныптағы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға арналған жаттығулар өткізуге, сондай-ақ бірлескен үстел ойындарын ұйымдастыруға пайдаланады.
Педагогтарға арналған аймақ – бұл компьютер мен принтері бар үстел, сондай-ақ дидактикалық материалдарға арналған шкафтар орналасқан кеңістік. Осы аймақта педагог-ассистенттер мен психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің басқа мамандары оқушылармен жұмыс бағдарламасын әзірлеп, қажетті материалдарды басып шығара алады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар, әсіресе аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалар, сабақ кезінде ұзақ уақыт бойы назарын шоғырландырып отыра алады. Алайда олар жарықтың тым ашық болуы, сыртқы шудың әсері сияқты факторлардың салдарынан тез шаршап, шамадан тыс жүктеме алуы мүмкін. Осыған байланысты “Келешек мектептер” жобасы аясында салынған мектептерде тек сенсорлық аймақ қана емес, бүтін бір сенсорлық кабинет қарастырылған, – дейді Адилия Капизова.
Балалар қажеттілік туған жағдайда сенсорлық кабинетке немесе инклюзивті білім беруді қолдау кабинетінің релаксация аймағына барып, демалып, күш жинай алады. Маманның айтуынша, инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерін ұйымдастырудың заманауи тәсілі әрбір баланың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеретін кешенді білім беру ортасын құруды қамтамасыз етеді. Мұндай кабинеттер оқу үдерісін ғана емес, сонымен қатар оқушылардың эмоционалдық және сенсорлық саулығын қолдайды, назарды шоғырландыру қабілетін арттыруға, әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Оқушылар жалпы білім беретін сыныпта өткізетін уақытты жеке немесе топтық сабақтармен, сондай-ақ демалып, күш жинауға мүмкіндік беретін іс-шаралармен үйлестіре алады. Мұндай көзқарас ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім беру үдерісіне толыққанды және қауіпсіз түрде қатысуына жағдай жасап, олардың табысты оқуы мен дамуына мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Капизова.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
