«Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық».
Ыбырай Алтынсариннің осы өлең жолдары көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Өнер де, білім де барлығы оқу арқылы беріледі. Өйткені кітаптан асқан қазына жоқ. Ал бүгінде осы байлықтың бағасына жетіп жүрміз бе? Оны әркімнің өз еншісіне қалдырдық.
Қазір екінің бірінің қолында смартфон. Айналасында не болып жатқанымен шаруасы шамалы. Жас та, жасамыс та сонымен әуре. Ішіндегі көз арбар қызығына уақыттарын босқа сарп етуде. Ал құндылықтарға толы кітапқа құмартып жүргендер баяғыдай көп емес, бірақ бар. Біз барлығына күйе жағудан аулақпыз әрине. Бес саусақ бірдей еместігі бесенеден белгілі.
Әлқисса, сонымен әңгіме ауанын әріден бастайық. Бізге бағдар, ұлтқа үлгі тұтарлық ұлылардың басты бұлағы қайда? Олар кімнен дәріс алды? Қалай мұндай дәрежеге жетті? Ой елегінен өткізіп қарасаң бәрінің бастауы білімде тұр. Шығыстың шежіресін, батыстың баспасөзін басына жастана жатып оқыды. Одан осал болған жоқ. Ойы озық, санасы сергек адамға айналды. Арғысы әл Фараби, бергісі Әбіш сөздің сөлін сығып, өмір өзегіне арқау ете білді. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген халық даналығын «көп оқығаннан сұра» деп өзгертсе айып бола қоймас. Еңбек ардагері Жаңаберген Сәденов «бір жыл үзбей баспасөзді оқыған адам төрт жыл жоғарғы оқу орнын бітіргенмен бірдей» деп еді.
Шаммен кітап оқығандар не дейді?
– Көп оқыған көзге зиян келтірмейді. Қайта көру қабілетін арттырып, мидың ішкі қантамырларының жұмысын жақсартады. Мен көбіне кітап дүкендерін аралап, өзіме қажеттілерін сатып аламын. Кейде орталық кітапханадан жаздыртып та оқимын. Кейбір кезде түн ортасына дейін кітап оқып, таңертең ерте оянамын. Соған қарағанда кітаптың адам ағзасына тигізер оң әсері болғаны ғой деп есептеймін. Әр кітапты оқыған сайын әлемді әр қырынан танығандаймын. Жастар кітапханаға бармайды деп жатады. Мен өзім кітапханашы болғандықтан бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Керісінше жастар қазіргі таңда қазақ әдебиетінің классиктерін және шетел әдебиетінің жауһарларын көптеп оқиды. Кітапқұмар жастардың енді бір тобы мотивациялық еңбектерге әуес. Сонымен қатар заман талабына орай кітаптардың электрондық нұсқасы да оқырмандарға жол тартты. Бұл – кітапқа қолжетімділік. Оның пайдасы сол кез келген жерде жүріп-ақ қажетті шығарманы смартфонға жүктеп алып, оқуға мүмкіндік береді. Кітап – ақылды қуаттандыратын құрал. Сондықтан оқуға көп көңіл бөліп, ішкі рухани жан дүниемізді жұтаңдатып алмауымыз абзал. Шынын айту керек, кейбір замандастарымыз оқуға уақыттың жоқтығын себеп қылып жатады. Мәселен, жарық жоқ кезде білте шаммен кітап оқыған бабаларымыздың өмірі өнеге емес пе?, – дейді Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлдерайым Қосназарова.
«Кітап Құрттары»
«Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол», – дейді Баус. Кітап- сенің асып-таспайтын асыл досың. Кітаппен дос болған адамның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары саналы, жан-жақты болып тәрбиеленері сөзсіз. Қазіргі таңда жастардың кітапқа деген қызығушылығын ашып жүрген бірден-бір жан – Меңдібаев Талғат.
2019 жылдың ақпан айында “Кітап құрттары” атты жастар арасында ұйым ашқан болатын. Алғашында бұл ұйым тек “WhatsApp” желісі арқылы белгілі бір чат ашып, сонда кітап жөнінде және кино жайында талқыланған. Кейіннен ауқымды көлемде “Кітап құрттары” атты клуб ашылған. Бұл клубтың негізгі мақсаты кітап оқитын, кино көретін және сол жөнінде талқылайтын орта қалыптастыру.
«Қазіргі таңда клубта 60-тан аса оқырман бар. Әр сенбі сайын оқырмандармен жиналыс өткізіп, түрлі тақырыпта әңгіме өрбітеді. Бұдан бөлек “Кітап сыйла” айдары бар. Бұл айдардың ерекшелігі оқырмандар өздері оқып біткен кітаптарын жинау арқылы “Оңалту орталығы” одан бөлек “Бас бостандығынан айрылған жандарға” тегін кітап сыйлайды. Аптасына бір рет “Кино тайм” болады, яғни әртүрлі жанрда фильмдер қарап және сол жөнінде талқылайды. Жақында “Кезекті құрттану” атты подкаст ашылған. Оның бір ерекшелігі, қоғамда болып жатқан жәйттарды, жүргізіліп жатқан шаралар жөнінде талқылайды, белгілі ірі тұлғаларды шақырып сол кісілерге сан түрлі кітап ұсынады және «YouTube» каналында блог ретінде жүргізіледі», – дейді Талғат Меңдібаев. Кітаптың негізгі пайдасы талдауға үйретеді. Қазіргі таңда бізде талдау деген дүние жоқ, барлығымыз мазмұнын оқу арқылы түсініп, қорытынды жасап қоямыз. Кітап оқу арқылы біз суаттылықты үйренеміз. Менің ойымша осындай ұйымдар, клубтар көбейсе мүмкін жастардың ойы өзгерер. «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», – деп хакім Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.
Сүбелі сөз төл әдебиетте жатыр
Расымен де, тың ой, сүбелі сөз төл туындыларымызда сақтаулы. Әдеби шығарманың адамға берер тағылымы терең. Тағы бір атап өтерлігі, ойландыратын, жанға тыныштық және үйлесім сыйлай алатын кітаптарың шығу да маңызды дүние. Кітапты талғап оқудың да орны ерекше екендігін мамандар ұдайы айтып келеді. Оқығанды түйсіну, санаға сақтау, алған әсеріңді өмір жолыңа бағдар ете білу де керек. Бұл да өнер. Адам есейген сайын жас ерекшелігіне сай талғамы да өзгеріске ұшырап отырады. Әрбір жасқа лайықты кітаптар да көптеп шығуда.
Ілгеріде кітап құны арзан әрі мұқабасы сапалы болған екен. Сосын жазушыға барынша жағдай жасалады. Бұл бұрынғының бағдары болатын. Алайда бүгінде басылымның да, автордың да ахуалы мүлдем бөлек. Жасыратыны жоқ қазір кімнің қалтасында қаржысы бар сол кітап шығара беретін жағдайға жетті. Осыған да арнайы бақылау тобы құрылғаны тиімді сыңайлы. Бұл да жазу стиліндегі жүйелілікті жолға қояды. Өз бойымдағы барлық ізгі қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын» деген Максим Горькийдің сөзі бар. Міне, осы арқылы өскелең ұрпаққа кітаптың қадір-қасиетін, ұлылығын ұғындыруға болады.
Асыл дүниені жастанып, оның тұңғиық терең әлеміне еніп, өзін сондағы кейіпкер сезінетіндер де кездесіп жатады. Қайда барса да қолынан кітабын тастамай қол дорбасына салып жүріп оқитын шопан жайлы бірде естіп таңырқағанымыз бар. Дегенмен сол арқылы оның ішкі дүниесі айнадай жарқырап жатқанын сырт көз біле бермесі анық. Мамандығы басқа болса да проза, поэзия жанрын іздеп жүріп оқитын оқырмандарға сүйсіне қарайсың. Бір шығарманы бірнеше мәрте қайталап оқып жатқандар да кездеседі. Бұл кітаптың өзіне баурап алатын шексіз құдіреттілігінің белгісі болса керек.
Жәмилә ЕРМАХАН,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
ІІІ курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!