Жексенбі, 24 қараша, 03:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Кітапханашы Жанат

24.10.2023

629 0

«Кітап – мұхит, білім – теңіз» деген сөздің парқын сөрелері ұлағат пен өсиетке толы том-том кітаптың ортасында отырып, оқырманға жөн сілтейтін, бағыт беріп, кітап оқуға қызықтыра түсетін кітапханашыларды көргенде ұғасың. Осынау қымбат қазынаның ішінде отырған жанның жан дүниесі рухани азыққа толы екенін оның көзқарасынан танисың. Әрине, алтын көмбенің сырын, сипатын тек сол мамандар ғана біліп, саған ауадай қажет дүниені тауып беріп, білім бұлағынан сусындатады. Аймақта өтетін тәрбиелік іс-шаралар, кітап оқушылар конференциясы, түрлі тағылымды, мазмұнды кештер кітапханамен тікелей байланысты. Сондықтан бұл мамандықты кез келген адам таңдай бермейді.

Ұлы мұраттарға жетелейтін осынау мамандықты Жанат бала күнінен жан-тәнімен жақсы көрді. Жиналған кітаптар, оның иісі, оның үстіне өзінің көркем әдебиетті сүйетіні бар, бәрі қосылып кітапханашы болсам деген асқақ арманға жетеледі. Мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтай белгілі танымал жанның тәрбиесін алу да өз әсерін тигізді. Қамқор тұлға жастайынан қаршадай қызға түрлі ертегі кітаптар, қызықты әңгімелерді көп оқытып, оның көкірек көзін ашты. Үйлерінде қазақтың ұлы классиктерінің кітаптары қаттаулы тұратын. Кітап оқыса, жаны нұрланып, ән салғысы келетін.

Иә, бала қиялды қанаттандырып, сүйікті мамандығын таңдауға талпындырған отбасындағы ұлағатты тәрбие екенін де Жанат тебірене жеткізді.

– Менің әкем бір жасымда қайтыс болды. Ұзақбай аға менің әкемнің туған інісі. Әкеден жетім қалған төрт баланы өзі тәрбиелеп жетілдірді. Туған әкемнің орнына әке болып, қамқорлығын аямай, ешкімнен кем қылмай тәрбиелеп, оқытып, азамат қылды. 3 сыныпта Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жатқа айтатынмын. Өлең жазуға құштар болдым. Ең алғашқы өлеңім 5-сыныпта сол кездегі Сырдария газетіне шықты. Содан кейін де мектепте жүргенде «Ленин жолы» газетіне туындыларым жарияланды. 1990-1994 жылдары КазПи-дің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқыдым. Нығмет Ғабдуллин, Немат Келімбетов, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібаев, Серік Мақпыров, Алма Қыраубаевадан дәріс алдым. Кітапханашы ретінде әр оқырманмен тіл табысу басты парызым. Ақын-жазушылармен тығыз байланыстамын. Әрқайсысымен хабарласып, жағдайын сұрап отырамын. Ол кісілермен сұхбат құрғанда жан дүнием жаңарып, рахаттанып қаламын. Қанша дегенмен қанымызда атадан қалған тектілік бар деп ойлаймын, – дейді ол.

«Білім инемен құдық қазғандай» болса, білімге құштарлықты ояту үшін кітапхананың орны ерекше. Үлкен-кішімен тіл табысып, олардың керек дүниесін тауып беру үшін зыр жүгіріп көмектесіп жүрген осы бір жүрегі кең кітапхана қызметкерлеріне риза боласың.

– Елгезек болып, сергек жүрмесең, оқырманыңды жоғалтып аласың. Сондықтан олармен барынша жылы сөйлесіп, жүрегіне жол табуға тырысамыз. Жас ұрпақтың тәлім- тәрбиесі мектеп қабырғасында қаланады ғой. Біз кітапханашылар мектеп мұғалімдері секілді бала тәрбиесіне барынша атсалысамыз .

Мамандық таңдау – бұл өз-өзіңді іздеу. Сан түрлі салаларға бөлінген қызметтердің ішінен өзіңе жақынын табу. Мамандықтың жаманы жоқ. Тек таңдаған мамандығыңды сүйе білсең, атқарар қызметіңді толық біліп, жауапкершілікті түсінсең, әр саланың таптырмас маманы боларың сөзсіз. Мен өз мамандығымды дұрыс таптым деп нақты айта аламын. Мектеп қабырғасынан бастап гуманитарлық пәндерді сүйіп оқыдым. Еңбек пен тәжірибе жауапкершілікті сезіну арқылы шыңдалары белгілі. Рухани білім кітапта. Кітапты қадірлеу, оны оқырманға ұсыну – біздің міндет. Мен ізденімпаз оқырманды әркез кітапханада күтемін. Оқырмандарымның көп болғанын қалаймын, – дейді ол.

Білімнің алтын қақпасын ашып, кітап әлемінде саяхаттауға бағдар беріп отырған кітапханашы Жанат Қараманова кітапхана ісінің білікті қызметкері.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: