Бүгін облысымыздың тәжірибелі оқу орындарының бірі – Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің қабырғасында қыздар «Көшбасшылық мектебі» клубының ашылу салтанаты өтті.
Бұл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің колледждің педагогикалық ұжымымен әріптестікте ұйымдастырылған кезекті әлеуметтік жобасы. Жобаны жүзеге асыру көптен бері жоспарда болған.
Педагогикалық колледж студенттерінің 80 пайызы қыздар. Тарихы бай оқу орны жарты ғасырдан астам уақыттан бері педагогикалық мамандарды даярлап келеді. Оның қабырғасынан көптеген талантты мұғалімдер, сондай-ақ көшбасшы-әйелдер де шыққан.
Қазіргі заман мұғалімнің кең ой-өрісті, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті бар, көпшіл болуын талап етеді. Сондықтан да жоба ұйымдастырушылары қыздардың «Көшбасшылық мектебі» клубын құруды қажет деп санады. Оның негізгі миссиясы – көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеу, жеке және іскерлік қасиеттерді дамыту, студент қыздарда белсенді өмірлік және азаматтық позициясын қалыптастыру.
Клубтың ашылуына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары (қоғамдық негізде) Ирина Шек, «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Мартана Дәулетбаева, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова, колледж оқытушылары мен студенттері қатысты. Іс-шараның модераторы колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Исаева болды.
Клубтың төрайымы болып филология бөлімінің 3 курс студенті Гүлжан Мұстафаева сайланды. Клуб құрамында 25 қыз және Клуб кеңесінде 3 адам болады.
Шара барысында Аналар кеңесінің төрайымы Р. Ахметова «Көшбасшы болу оңай ма?» деген тақырыпта шеберлік сағатын өткізді.
Клуб жұмысының жоспарына үлгілі әрі беделді көшбасшы-әйелдермен кездесулер, психологтардың қатысуымен дәрістер, семинар-тренингтер өткізу, өзіндік жобаларын әзірлеуді үйрету және т.б. енгізілген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!