Қазақстанда балалардың демалысы мен сауықтыру орталықтарының жұмысы жаңа жүйеге көшеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заң аясында 2026 жылдан бастап бұл саланың қызметіне қатысты талаптар айтарлықтай жаңартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қабылданған түзетулер балаларға арналған қосымша білім беруді дамытуға бағытталған және білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін жыл бойы және маусымдық стационарлық балалар лагерьлерінің қызметіне қатысты болып отыр.
Жаңа заң аясында 2026 жылдан бастап қосымша білім беру ұйымдары екі санатқа бөлінеді:
- Бірінші санат – қызметі лицензиялауға жататын білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдар.
- Екінші санат – хабарламалық тәртіппен жұмыс істейтін қосымша білім беру ұйымдары.
Министрлік бұл тәсіл саланы реттеуді жеңілдетуге, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Балалардың қауіпсіздігі мен қызмет сапасын қамтамасыз ету мақсатында балалар лагерьлерінің қызметі 2026 жылғы 1 сәуірден бастап лицензияланатын болады. Бұл балалардың демалысы, оқуы және сауықтыруы үшін қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеуге мүмкіндік береді.
«Лицензияның қолданылу мерзімі бір жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Бұл ұйымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттілігін болдырмайды. Лицензияның бес жылға берілуі ұйымдардың қызметінің тұрақтылығы мен мемлекеттік бақылауды жүйелі түрде жүзеге асыру арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді», делінген хабарламада.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
