Жексенбі, 24 қараша, 19:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Мектеп директорлары қалай тағайындалады?

11.02.2022

788 0

Барлық мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары енді конкурстық негізде қызметке орналасады. ҚР БҒМ-нің толықтырулар енгізілген бұйрығында білім беру ұйымының бірінші басшысының бос немесе уақытша бос лауазымы пайда болған кезде бес жұмыс күні ішінде Білім басқармаларына конкурс өткізу туралы өтініш жібереді. Бірінші басшының лауазымына тағайындауға арналған конкурсты білім басқармасы жариялайды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова кеңірек сөз етті.

«Конкурс рәсімі бірқатар кезеңдерді қамтиды, қатысушы 100 сұрақтан тұратын тестілеуге қатысады. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының бірінші басшысының бос лауазымына орналасуға үміткер тестілеуден өткеннен кейін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен әңгімелесу нысанында келісудің қосымша кезеңінен өтеді. Ал, «Білім-инновация» лицейінің бірінші басшысының лауазымына үміткерлер тестілеуден, қамқоршылық кеңеспен келісуден босатылады және «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорымен әңгімелесу нысанында келісуден, сондай-ақ мемлекеттік органның комиссиясының отырысында әңгімелесуден өтеді. Сонымен қатар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымының бірінші

басшысының бос лауазымына орналасуға үміткер кандидаттар тестілеуден өткеннен кейін Министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен әңгімелесу нысанында келісудің қосымша кезеңінен өтеді», – деді А.Қасымова.

Айта кету керек, конкурс қорытындысы бойынша бірінші басшы лауазымының жеңімпазы жаңа қызметке бес жыл мерзімге тағайындалады.

Сонымен қатар, білім саласында сапаны қаматамасыз ету үшін барлық білім ұйымдары мемлекеттік аттестаттаудан 5 жылда бір рет өтетіні белгілі.

«Биыл мемлекеттік аттестаттаудан 149 мемлекеттік балабақша, 30 мектеп, 7 колледж жоспарланып отыр. Ал, жекеменшік білім нысандары келер жылдан бастап аттестацияланады», – деді облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова.

Брифинг барысында мектеп басшыларын ротациялаудың тиімділігі туралы да айтылды. Білім беру ұйымында 4 жыл жұмыс атқарған басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады. Егер басшы сол ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша, бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: