Сейсенбі, 07 қазан, 19:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№76, 2188
07.10.2025
PDF мұрағаты

Мектеп жиһазы қандай болуы керек?

07.10.2025

118 0

Мектеп жиһазы оқу процесін ұйымдастырудың негізгі элементі болып табылады. Санитариялық-гигиеналық талаптарға сай келетін мектеп жиһазын пайдалану дұрыс физикалық даму, оқушылардың дене бітімі мен көру қабілеті бұзылуының алдын алу үшін үлкен маңызға ие. Оқу процесінің тиімділігі үшін мектеп жиһазы ыңғайлы, қауіпсіз, көпфункционалды болуы керек. Баланың денсаулығы, оның дене мүсінінің дұрыстығы және жалпы омыртқаның жағдайы көбіне осыған байланысты. Ыңғайсыз қалыптан және шамадан тыс жүктемелерден омыртқа зардап шегеді. Дұрыс таңдалған оқушы орны сколиоздың дамуына жол бермейді, сонымен қатар көру қабілетін, физикалық денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді және оның эмоционалды жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

Мектеп жиһазы оқушының үстел үстінде қолының дұрыс орналасып, аяқғының еденде нық тұруына жағдай жасауы керек, оқушының тізесі мен үстелдің арасында, орындықтың арқасы мен отырғышының арасында бос орын жеткілікті болғаны дұрыс, орындықта отырған баланың тізесі қысылмауы керек. Яғни, жиһаз балалардың анатомиялық және физиологиялық жас ерекшеліктеріне сәйкес келуі тиіс.

Оқу кабинеттері, зертханалар ҚР ДСМ 2021 жылғы 5 тамыздағы бұйрығымен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына» сәйкес келетін мектеп жиһаздарымен жабдықталуы міндетті. Бұл ретте білім алушылар мен тәрбиеленушілердің бойы мен жасы, басқа да ерекшеліктері ескеріледі. Есту, көру қабілеті бұзылған оқушылар тақтаға жақын орналасқан үстелдерге, суық тиюмен жиі ауыратындар сыртқы қабырғадан алысырақ отырғызылады. Оқу бөлмелеріндегі жиһаз – табиғи бүйірлік сол жақ жарықтандыруды қамтамасыз етуді ескере отырып орнатылады.

Негізгі жарық ағынын білім алушылардың алдынан және артынан бағыттауға жол берілмейді.Мектеп жиһазына қойылатын басты талаптардың бірі – эргономикалық дизайн. Оқушылыар көп сағатты отыруға жұмсайтындықтан, жиһаз сау қалып пен жайлылықты қамтамасыз етуі керек. Орындықтар арқаның төменгі бөлігін ұстап тұруы тиіс, ал кернеудің алдын алу үшін үстелдер тиісті биіктікте болуы керек. Бұдан бөлек, жарақаттанушылықтың алдын алу үшін жиһаз жиектері, қырлары дөңгелектелген, үшкір бұрыштарсыз болады және құлау қаупін болдырмайтындай берік, қуатты материалдан жасалғаны дұрыс. Сонымен қатар улы емес және зиянды химиялық заттарсыз болуы керек. Мектеп жиһазының көрнекі тартымдылығы оқу ортасында маңызды рөл атқарады. Жақсы жобаланған сынып шығармашылықты шабыттандырады және кеңістікті тартымды етеді. Ашық түстер, қызықты пішіндер және үйлесімді дизайн оқушылардың оқуға деген көзқарасына оң әсер етеді, ынта-жігерді арттыратын тартымды атмосфераны құруға көмектеседі. Баланың үйде сабақ оқу бұрышын дайындаған кезде де үстел-орындығының ыңғайлы, жарықтың дұрыс түсуі мен баланың түзу отыруын үнемі бақылауда ұстауға кеңес береміз.

Ерлан Ұзақбаев Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: