Биылдан бастап 100 мектепке дейінгі ұйымда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Балаларды ерте жастан дамыту, сапалы тәрбие мен білім беру мақсатында бірқатар бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, мемлекеттік тілді тереңдетіп үйретуге бағытталған «Тілге бойлау» жобасы өткен жылы 5 өңірде – Ақмола, Қарағанды, Қостанай, СҚО облыстары мен Астана қаласы 135 балабақшада сынақтан өтіп, биылғы жылдан бастап жаппай енгізілуде. Биылғы жылдан бастап 100 мектепке дейінгі ұйымда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасы басталды. Өңірлерде экологиялық жобалар іске асырылуда, оның ішінде экологиялық бағыттағы 190 жуық «Жасыл балабақша» жұмыс істейді.
Туған елге, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, қамқорлық, адалдық, еңбексүйгіштік секілді дағдыларды ерте жастан қалыптастыру мақсатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы меншік құқығына қарамастан, барлық балабақшада тәрбиелеу-білім беру процесіне енгізілді.
Балалары балабақшаға бармайтын ата-аналарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында кеңес беру пункттері ашылды. 2023 жылы өңірлерде 3 мыңнан аса кеңес беру пункті ашылса, бүінгі күні саны екі есеге көбейіп, 6 мыңнан астам кеңес беру пунктінде 60 мыңнан астам ата-ана көмек алды.
Сондай-ақ денсаулық, тамақтану, даму және туғаннан 5 жасқа дейінгі балалармен қарым-қатынас мәселелерін қамтитын 120-дан астам пайдалы ұсыныс пен кеңестер қамтылған «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы әзірленді. Қазіргі уақытта оны 80 мыңға жуық ата-ана қолданады.
Мектепалды даярлықпен қамтылмаған балалар үшін жазғы кезеңде қысқа мерзімді «Балақайлар мектебі» ұйымдастырылуда. Жыл сайын мектепалды даярлықтың қысқа мерзімді курстарымен 100 мыңға жуық бала қамтылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
