Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік пен бала құқықтарын қорғау саласындағы бақылауды күшейтеді. Сондай-ақ бақылау тәртібі Кәсіпкерлік кодексінен алынып, салалық заңдарға: «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Бала құқықтары туралы» заңға көшірілді. BAQ.KZ тілшісі бюджет есебінен қаржыландырылатын мектептерді, балабақшаларды, интернаттарды және басқа да балалар ұйымдарын қандай өзгерістер күтіп тұрғанын анықтады.
Мониторинг енгізіледі және тексерулер ескертусіз жүргізіледі
Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рахымжанованың айтуынша, бастаманың мақсаты – балалардың қауіпсіздігін арттыру және жаппай улану сияқты резонансты жағдайлардан кейін анықталған олқылықтарды жою.
Спикердің сөзінше, басты жаңалық – жаңа бақылау түрін енгізу, яғни нысандарға барып мониторинг жүргізу. Бұл мектептердің, асханалардың және балаларды сауықтыру орталықтарының дайындығын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Біз алғаш рет нысандарға барып мониторинг жүргізуді енгізіп отырмыз. Бұл мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын, асханалардың жұмысқа әзірлігін, сауықтыру ұйымдарының балаларды қабылдауға дайындығын алдын ала тексеруге жол ашады. Бұл – салдарына емес, тәуекелдің алдын алуға бағытталған профилактикалық шара, – деді ол.
Мұндай тексерулерді Президент, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр, олардың орынбасарлары және денсаулық сақтау министрі тағайындай алады. Сонымен бірге кенеттен тексеру қағидаты енгізіледі – нысандарды алдын ала хабарландыру талабы алынып тасталады.
Бұрын 30 күн бұрын хабарлағандықтан, мекемелер уақытша “тәртіпке келіп”, тексеруден кейін бәрі қайта бұрынғы қалпына түсіп жатты. Балалар ата-анасыз болатын әрі бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарда тексерулердің кенеттен жүргізілуі нақты жағдайды көруге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Рахымжанова.
Басшыларға айыппұл салу тәртібі өзгереді
Спикердің айтуынша, жаңа тәртіп мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілеріне қатысты бұрынғы әділетсіз тәжірибені жояды. Бұған дейін олар бюджетті басқара алмаса да, айыппұлдар соларға салынатын.
Егер мекеме басшысы жөндеу қажет екенін, жабдықты жаңарту керегін немесе материалдық құралдар жетіспейтінін білім немесе денсаулық сақтау басқармасына дер кезінде хабарласа, оған айыппұл салынбайды. Өйткені ол бюджет иесі емес, – деді Рахымжанова.
Мұндай жағдайда бақылаушы орган бюджет бағдарламаларының әкімшілеріне жеке ұсыным енгізе алады.
Эпидемиологиялық маңызы бар нысандардың цифрлық тізілімі құрылады
Заң түзетулері бақылауда болатын барлық нысандардың цифрлық реестрін жасауды көздейді.
Цифрлық есеп бізге ықтимал қауіптерді алдын ала анықтауға, тексеру жоспарларын дұрыс құруға және эпидемиологиялық тәуекелі бар нысандардың толық картасын көруге мүмкіндік береді, – деді спикер.
Тексеру жиілігі бұрынғыдай қалады: жылына бір рет немесе жоғары маңызы бар нысандар үшін жарты жылда бір рет.
2025 жылдан бастап өндірістік бақылау аясындағы барлық зертханалық зерттеулерді санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландырады. Бұл мекемелерге түсетін шығынды азайтады.
Мектеп асханасы жеткізушілерінің тізілімі мен жоспардан тыс тексерудің жаңа негіздері
Түзетулер бұрынғы олқылықты жояды: енді мектеп тамағын жеткізетін компаниялардың толыққанды реестрі және бөлек «адал емес жеткізушілер» тізімі жасалады.
Бұрын мұндай жеткізушілер жалпы адал емес қатысушылар реестріне кірмейтін. Енді жергілікті атқарушы органдар өздерінің жеке реестрін жүргізуге міндетті болады. Осылайша бір жеткізушінің қайта айналып келу қаупі болмайды, – деді Рахымжанова.
Сонымен қатар БАҚ-тағы ақпарат та жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бола алады.
Негізгі мақсат – айыппұл емес, бұзушылықты түзету
Егер мекеме анықталған заңбұзушылықтарды белгіленген мерзімде түзетсе, айыппұл салынбайды. Тек талаптарды орындамаған жағдайда ғана әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Мемлекеттік бақылаудың мақсаты – айыппұлдар санын көбейту емес, бұзушылықтарды жою. Акцент профилактикаға және жауапсыз жеткізушілерге ықпал етуге жасалады, – деп түйіндеді СЭБК төрағасының орынбасары.
Осылайша, жаңа бақылау моделі тәуекелдердің алдын алуға және бала құқықтарын қорғауға басымдық береді. Министрліктер мен жергілікті органдар нақты тетіктерге ие болады, ал мекемелер үшін талаптар түсінікті әрі ашық болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
