Көктем мезгілімен бірге балалардың далада өткізетін уақыты арта түсетіні белгілі. Алайда, дәл осы уақытта олардың өміріне төнетін қауіп-қатерлер де еселеніп отыр. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналар мен мұғалімдерді балалардың қауіпсіздігіне жіті мән беруге шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Комитет төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, балалардың терезеден құлау деректері алаңдаушылық туғызып отыр. 2024 жылы мұндай жағдайлар саны екі есеге артқан. Әсіресе, 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер үшін бұл қауіп аса жоғары. Сарапшылар мұның себебін ересектердің салғырттығымен және терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларының орнатылмауымен байланыстырады.
Сонымен қатар балалардың суға кету жағдайлары да өсіп отыр. Биыл елімізде су айдындарында қаза тапқан балалардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көбейген. Бұл негізінен 10-16 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында тіркелуде. Қайғылы оқиғалар көбіне қараусыз шомылу және арнайы жабдықталмаған жерлерде суға түсу кезінде болған.
Комитет балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін мынадай маңызды кеңестерді ұсынады:
– Терезелерге қорғаныс құрылғыларын орнатыңыз.
– Тек рұқсат етілген, қауіпсіз жағажайларда шомылыңыз.
– Балаларды су маңында қараусыз қалдырмаңыз.
– Суға байланысты қауіп-қатерлерді балаларға түсіндіріңіз.
– Алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретіңіз.
Балаларымыздың амандығы – біздің қолымызда, – дейді Насымжан Оспанова.
Оның айтуынша, әрбір ата-ана мен педагог баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуы тиіс. Қайғылы жағдайлардың алдын алу – өзімізге байланысты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!