Ақтөбеде бастауыш сынып мұғалімі танысының баласын мектепке орналастырып, ай сайынғы оқу ақысын өзіне алып отырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласының №2 соты ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігі бойынша сотталушы мұғалімге қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылғы тамыз айында мұғалім, жекеменшік мектебінде бастауыш сынып мұғалімі бола тұра, танысы жәбірленушінің баласын мектепке орналастырған. Содан кейін ай сайынғы оқу ақысы жеңілдікпен 60 000 теңге болатынын айтқан.
Содан кейін сотталушы білім беру қызметі туралы шартқа баланың атынан қол қойдырған. Бірақ бұл шартты мектеп әкімшілігіне тапсырмай, баланың заңсыз оқып жүргенін жасырып отырған. Нәтижесінде, жәбірленуші 2025 жылғы наурыз айына дейін ай сайын 60 000 теңгеден төлеп, жалпы 420 000 теңге ақшасын мұғалімнің жеке шотына аударып отырған. Сотталушы бұл ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған, – деп жазылған сот хабарламасында.
Сот отырысында мұғалім өз кінәсін толық мойындады.
Сот үкімі бойынша бастауыш сынып мұғалімі 190-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, бірақ ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды, – деп хабарлады Ақтөбе сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
