“Мақсатты мектеп” жобасының тоқтатылғаны еліміздің бас ұстазы әріптестерімен кездескенде мәлімдеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомствоның хабарлауынша, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен білім беру саласының күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өңірлік және аудандық білім басқармалары мен бөлімдердің және аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері басшыларының қатысуымен жиналыс өтті.
Министр кездесуде білім беру ұйымдарындағы сапа мәселесі жайлы айтып, “Мақсатты мектеп” жобасының тоқтатылғанын мәлімдеді.
Министр кей өңірлердегі педагогикалық ұжымдар арасындағы дау-дамайды сынға алды. Биылғы оқу жылының алғашқы тоқсанының аяқталғанына қарамастан, білім беру ұйымдарына әлі күнге дейін басшы тағайындамаған өңірлер де бар.
Жұлдыз Сүлейменова әсіресе, шалғайдағы ауылдарға кадр тарту мәселесін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиімді шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен ел аумағында “Келешек мектептері” ұлттық жобасы қарқынды жүргізіп жатыр. Ауыл мен қалада білім инфрақұрылымын теңестірген бұл жоба аясында 217 мектеп салынады. Одан бөлек биылдан бастап күрделі жөндеуді талап ететін нысандарды реновациялау бағдарламасы басталды. Елімізде соңғы жылдары мектеп құрылысы үлкен қарқынмен жүзеге асырылуда. Дегенмен, биыл құрылыс нысандарының пайдалануға берілу мерзімі кешіктірілген және шалғайдағы ауылдарда білім ошақтары жөндеуді қажет ететін өңірлер де бар, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр осы мәселені жіті бақылауға алуды тапсырды.
Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше басымдық берген министр әсіресе, мектептерде психологиялық қызметтің және педагогтер мен мектеп басшылығының жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада министрдің қатысуымен Жамбыл облысында балалардың қауіпсіздігіне қатысты республикалық үйлестіру кеңесі өткен болатын.
Жиын қорытындысы бойынша Жұлдыз Сүлейменова өңірлердегі білім басқармалары мен департамент басшыларына білім сапасын қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейту, педагогтердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу, қоғаммен ашық диалогта жұмыс жасау туралы нақты тапсырмалар жүктеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
