Алматы қаласында әйел адам бопсалау ісін ашқан полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыдағы жеке балалар орталықтарының бірінің қызметкері полицияға бопсалау туралы арызбен жүгінді. Орталықтағы бір тәрбиеленушінің әкесі педагогтың іс-әрекетіне көңілі толмайтынын айтып, жалған ақпарат таратамын деп қорқытып, одан 20 миллион теңге талап еткен.
Алматы қаласы Қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жедел әрекет етіп, құжаттарды дұрыс рәсімдеуге көмек көрсетіп, дәлелдемелер жинады. Осылайша күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әйел адам ішкі істер министріне, Алматы полиция департаментінің басшысына және прокуратураға алғыс хат жолдап, жедел қызметкерлер мен тергеушілердің жоғары кәсіби шеберлігін атап өтті.
«Олардың үйлестірілген және принципті жұмысы азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік беріп, қоғамның полицияға деген сенімін нығайтады», – делінген хатта.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
