Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары дәстүрлі тамыз конференциясында кәсіби жетістіктерімен ерекшеленді. Олардың жұмыстары мен жобалары білім беру саласының сарапшылары тарапынан жоғары бағаланды.
Биылғы конференция «Құндылықтар – білім берудің драйвері: заманауи мұғалім нені және қалай үйретеді?» тақырыбында өтті. Екі күнге созылған шара аясында ұстаздар шеберлік-сағаттарға, тақырыптық сессияларға және пленарлық отырыстарға қатысып, білім беру саясатын дамыту мен басқарушылық тәжірибені жетілдіру мәселелерін талқылады. Конференция кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және нақты шешімдер қабылдау алаңы ретінде маңызды рөл атқарды.
Іс-шара барысында «Табысты тәжірибелер панорамасы» жобасының қорытындысы жарияланды. «Қазақ тілі мен әдебиеті, Орыс тілі мен әдебиеті» санатында «Дәлелді кейс» номинациясы бойынша қызылордалық мұғалімдер Айгүл Абуова, Айгүл Доскужаева және Мархабат Изыкулова үздік деп танылды. Олар қазақ сыныптарындағы оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға арналған «Сөйлеуіңді шыңда!» атты мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, дәйексөздер мен афоризмдер жинағын әзірледі.
Сонымен қатар, конференция қорытындысында Сәуле Шажанбаева «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен, ал Сәкен Сүлейменов пен Гүлмира Бакулова Алғыс хатпен марапатталды.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!