Жексенбі, 22 желтоқсан, 07:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

NIS оқушылары түрлі салада тәжірибеден өтуде

13.06.2022

929 0

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Ата-ана жұмысындағы 1 күн» және «Ата-ананың жұмыс орнында 10 күн» әлеуметтік жобалары бойынша қызылордалық зияткерлер білім, медицина және өндіріс салаларында жазғы тәжірибеден өтуде.

7-сынып оқушысы Бикелді Нұрманов бүгін өзі түлеп ұшқан балабақшада болып, мектепалды даярлық топта педагогтің қызметін атқарды. Балалармен тез тіл табысып, ағылшын тілі сабағын өткізді. Шахмат ойнауды үйретіп, спорттық сайыстарда көңілдерін көтерді:

– Балабақшаның жұмысы оңай көрінгенімен, өте жауапты іс. Қаншама бүлдіршіннің қауіпсіздігіне жауап береді. Анам жетекшілік ететін «Жеті қазына» мектепке дейінгі білім мекемесінде өткен тәжірибемде бойымда жауапкершілік, ұйымдастырушылық, коммуникативтілік секілді қасиеттердің маңыздылығын түсіндім.

«Ата-ана жұмысында бір күн» жобасы бойынша Дидар Алтынбеков адам үшін маңызды сала – стоматологиялық қызметпен етене танысты. Науқастың тістерін тазарту, зақымданған жерлерге ем-дом жасау сынды қызметтерді орындады:

– Алдымен анам маған теориялық білім беріп, тістің құрылысы мен гигиенасы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Анамның жасап жатқан ісі көптеген адамдарға денсаулық және сұлулық сыйлайтыны мені қуантады.

9-сыныптың білім алушылары Нұрмұхамед Мнуарбек пен Айдар Абай бүгінде өңірдегі ірі кәсіпорындарда 10 күн тәжірибеден өтуде. Алғашқысы 55 адамды жұмыспен қамтып отырған «Dalatex» фабрикасында тігін өндірісімен танысса, екіншісі «Абай-Дәулет» ЖШС-де күрішті ақтау процесіне араласып көрді. Жас өрендер күн тәртібі бойынша бекітілген тиесілі істі уақытылы орындап, нарыққа сапалы өнімнің шығуына атсалысуда.

«Бүгін күріш салысы зауытқа түскеннен кейін қандай өндеу процесінен өтетінін көріп, үлкен тәжірибе жинақтадым. Ақталған күріштің сапасын зертханадан бақылап, көлеміне қарай ажыратып алу көп уақытты қажет ететін өте күрделі жұмыс екенін көрдім. 10 күндік тәжірибе мен үшін өте қызық әрі пайдалы өтіп жатыр», – дейді Айдар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: