Жаңа оқу жылынан бастап Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жаңа бейінді оқыту жүйесі бойынша білім алуды бастады. Бұл туралы мектеп директоры Бахыт Жұматай Қамқоршылық кеңес отырысында хабарлады.
Биыл жаңа мүшелерімен толыққан кеңеске Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Каримова төрағалық етті. Кезекті басқосуда Қамқоршылық кеңестің 2022 жылғы жұмыс жоспары бекітіліп, Зияткерлік мектептің 2021 жылғы қызметі туралы есебі тыңдалды.
Сыр өңіріндегі NIS директоры Бахыт Жұматай мектептің жалпы контингентінен бастап, оқушылар үлгірім мен сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері, түлектердің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші және оқыту сапасын арттыру шаралары туралы баяндады. Сондай-ақ, мұғалімдердің жүргізген зерттеу жұмыстарын таныстырып, оқушылар жетістіктері мен екінші тілді үйрету бағдарламасының тиімділігін сөз етті. Сонымен қатар, Бахыт Әмірханұлы мектептегі оқыту үдерісін ұйымдастыру және тәрбие беру бағытында атқарылған жұмыстарға шолу жасады.
«Биылғы оқу жылының басты жаңалығы – белсенді-бейінді оқыту жүйесін эсперименталды түрде химия пәні бойынша 11-сыныптарға енгізілді. Бұл бағдарлама бейінді оқытуды зерттеу және сараптау бағытында 20 жылдық тәжірибесі бар американдық ALEKS компания жүйесіне негізделіп жасалынды. Жасанды интеллект пен автоматтандырылған оқытуды қолдану арқылы оқушының сұранысы бойынша бейінді-қолайлы контент ұсынылады. Әр оқушының жеке білім беру маршруты әзірленіп, білім алушылар оқу материалдарын меңгеруде өздеріне қолайлы орта мен уақыт таңдап, өздігінен білім алады», – деп түсіндірді Бахыт Әмірханұлы.
Бұл бағдарлама бүгінде АҚШ, Ұлыбритания және Европа мемлекеттерінде кеңінен қолданылуда. Және де білім алушылардың ойлау дағдылары мен практикалық іс-әрекетін арттырып, пән бойынша тақырыптарды өздігінен игеруге дағдыландыратынын дәлелдеген. Сондай-ақ, отырысыта мектеп директоры оқушылар үшін қолайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытында жұмыстарды таныстырды. Мектепті көгалданыдру және абаттандыруға қолдау көрсеткен Қамқоршылық кеңес мүшелеріне алғысын білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!