Олимпиада – оқушының қандай мамандыққа бейім екенін айқындайтын, білім көрсеткішін саралайтын сынақ. Мұндай білім бәйгелерінде шын үздіктер анықталады.
Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицей базасында жылдағы дәстүр бойынша оқушылар арасында республикалық олимпиаданың қалалық кезеңі басталды.
Олимпиада 9-11 сынып оқушылары арасында физика, математика пәні бойынша өтуде. Талапкерлерге қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Боданов сәттілік тіледі.
– Жарысқа математика, физика пәнінен барлығы 146 оқушы қатысуда. Білім бәйгесінде шәкірттеріміздің мерейі үстем болсын. Білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Алдағы уақытта қалаған мамандық иесі атанып, үлкен жетістікке жетулеріңе тілекшіміз. Айта кетейік, олимпиада «respa.daryn.kz» онлайн платформасы арқылы жүргізілуде. Әр қатысушы үшін жеке компьютер және веб камера бекітілген. Екі сағат уақыт беріледі. Бұл біздің оқушыларға толық жеткілікті деп есептейміз. Жауаптары 16 сағаттың ішінде шығады. Сіздерге үлкен сәттілік тілеймін, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы.
Математика мен физика пәні бойынша 9-11 сыныптар арасында 146 оқушы сынақ тапсыруда. Іріктеу кезеңі 30 қаңтар мен 3 ақпан аралығында өткізіледі деп күтілуде.
Қала аумағындағы 55 мектеп пен 15 жеке мектептен барлығы 1572 оқушы бақ сынайды. Жүлделі орын иеленген оқушылар облыстық кезеңге жолдама алады. Ал одан озық шыққан талапкерлер республикалық кезеңге қатысады. Үміт пен сенім қатар үйлесім тапқан білім додасында жас жеткіншектерге жеңіс сәттілік болады деп сенеміз.
Олимпиаданың өту барысын «Адалдық алаңы» кеңсесі мамандары, ата-аналар комитеті, қоғамдық емес ұйым өкілдері бақылауда. Осыған орай ашықтық пен айқындылықты қамтамасыз ету үшін оны өткізу процесі онлайн режимінде «youtube» желісі арқылы жүргізілуде. Әрбір аудиториялар бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.
Олимпиаданы ұйымдастыру мен өткізудегі биылғы ерекшеліктердің басымдығы келесі тұрғыда іске асырылады:
Олимпиада «respa.daryn.kz» онлайн платформасы арқылы жүргізіледі. Әр қатысушы үшін жеке компьютер және веб камера бекітілген. Тапсырмалардың алдын ала көпшілікке жарияланып кетуін болдырмау мақсатында әрбір қатысушыға жеке код белгіленеді. Сонымен бірге қатысушылардың ғимарат ішіндегі қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау, олимпиаданы өткізілетін мерзімдерде ғимараттың тұрақты электр энергиясымен, интернет желісімен қамтамасыз ету жұмыстары толық жүргізілді. Олимпиада бойынша сұрақ туындаған жағдайда мәселелерді жылдам шешу мақсатында СaII-орталығы (87242 212883) ұйымдастырылды.
Олимпиада жүлдегерлері Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің дипломдарымен, грамоталарымен марапатталады.
М.ШАЙДУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!