Санаулы күндерден соң кезекті жаңа оқу жылы басталады. Жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы қандай? Оқушылар мен ұстаздар керекті құралдар-жабдықтармен қамтылған ба? Осы және білім саласына қатысты басқа да өзекті мәселелер жайлы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов пен білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Даулетова бұқаралық ақпарат құралдарына баспасөз мәслихатын өткізді.
Бағдат Бердәулетовтің айтуынша, аймақта жаңа оқу жылында 180 мың оқушы білім алады деп жоспарлануда. Бүгінге дейін бірінші сыныпқа 17 543 бала қабылданған. Педагогтар саны – 23 086.
– Жаңа оқу жылы қарсаңында көмекке мұқтаж 37 087 баланы бір реттік қаржылай көмекпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді. «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер көмек беруде.
Науқан аясында 1754 балаға қаржылай көмек, 3156 балаға оқу құралы, 485 балаға мектеп формасы, 196 балаға аяқ киім алынды. «Самұрық-Қазына» қоры 1 сыныпқа баратын 1830 оқушыға сөмке мен мектеп құралдарын табыс етті. Мұнан өзге, «Ел-арай» қоры 500-ден астам балаға көмек бермек. Бүгінде аз қамтылған отбасынан шыққан 2000- нан астам баланың мәселесін шешуге жұмыс жасап жатырмыз.
Барлық білім беру ұйымдары қажетті санитарлық-гигиеналық затпен қамтамасыз етілді. Оқулық және оқу-әдістемелік құралына жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, 412029 дана оқулық алынды. Бұған қоса, 25 тамызға дейін тасымалдау-тарату жұмысы толық аяқталады. Мектептер толықтай интернет желісімен қамтамасыз етілді. Осы жылдың қаңтар айынан 1-4 сыныпта оқитын 70173 және әлеуметтік осал отбасынан шыққан 5-11 сыныптағы 16777 оқушы ыстық тамақпен қамтылды, – деді Бағдат Камбозұлы.
Ал білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетованың айтуынша, департамент қызметкерлері білім ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында мониторинг жүргізген. Нақтырақ айтқанда, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы, дабыл түймесінің, спорт залының, асхананың және жаңа модификацияланған пән кабинетінің болуы қадағаланған. Мониторинг қорытындысы білім басқармасына жолданып, тиісті ұсыныс берілген.
Қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығының талапқа сай екендігін бізге қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Теңізбайұлы мәлімдеді.
– Қалалық білім бөліміне қарасты 56 жалпы білім беретін мектептерде 2022-2023 оқу жылында 68268 оқушы білім алды. 2023 жылы қала бойынша мектепті бітіруші 2826 оқушының 2672-і ҰБТ-ға қатысты. Мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 2276 оқушының 1621-і мемлекеттік грант иегері атанды. 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша 159 оқушы «Алтын белгі», 285 бітіруші «Үздік аттестат» иегері атанды. ҰБТ-да қала бойынша ең жоғарғы 134 балды Жақыпбек Махамбетов атындағы №43 орта мектеп түлегі Аман Жансая, 133 балды Көмекбай Қаракөзов атындағы №235 орта мектеп түлегі Төлеген Нұрдаулет жинады, – деді бөлім басшысы.
Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында 1-сыныпқа бүгінгі күнге дейін 7429 бала қабылданып отыр, оның ішінде электронды түрде 6567 өтінішпен, қағаз жүзінде 1095 өтінішпен қабылданған. Өткен оқу жылында үш ауысымдық мектеп деп танылған №3, Абай, 101, 264 мектеп жанынан қосымша құрылыс жұмысы жүргізілуде. Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп жанындағы қосымша құрылыс жұмысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Қалған 3 мектептегі қосымша құрылыс жұмысы қыркүйек айына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деген болжам бар.
Осылайша қаладағы мектептер жаңа оқу жылына сақадай сай. Бүгінде мектеп табалдырығын аттайтын өрендердің тізімі жасалып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар анықталуда. Оларға арнайы көмек беріліп, балғындардың білім алуына барлық жағдай жасалмақ.
Биылғы жағымды жаңалық – әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының қаржылай қолдауға ие болуы. Нарықтағы баға асқақтап тұрған кезде бұл қаражат оқушылардың қажетін өтеуге көмектеседі деп ойлаймыз.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!