Жұма, 27 желтоқсан, 06:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Оқуға құштар еткен бар баласын

13.12.2022

884 0

Ыбырай Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейі 60 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Атаулы мерейтойға орай мектептің мәжіліс залында салтанатты кеш ұйымдастырылды.

Іргесі 60 жыл бұрын бекіп, керегесі кеңейген білім ордасы өз тарихнамасында талай тұлғаны тұғы­рынан түлетіп ұшырды.

Мектеп мерейтойына арналған кештің көркі көз қуантады. Мұнтаздай таза мектеп ауласының өзі кіреберістен кісі көңілін көкке жетелейді. Мынадай жайлы да, жылы әрі жарық мектепте оқыған оқушының арманы жоқ қой дерсің тегі.

Салтанатты кеште білім қызмет­керлері арасындағы қалалық кәсіп­одақ төрайымы Орынша Әлімбетова, қалалық білім бөлімінің заңгері Аралбек Көбегенұлы, «Өрлеу» педа­гогикалық қызметкерлердің білік­тілі­гін арттыру орталығының директоры   Бауыржан  Елеусінов қатысып, мектеп ұжымына жылы лебіздерін арнады.

Оқуға құштар еткен бар баласын

– Бүгін дүбірлеген тойдың куә­гері боп отырмыз. Берекелі білім ордасы маңызды мезетте білім шырағын жаға білді. Шәкірт талабын ұштап, таланттын жетілдіре түсуде де белсенді еңбек етіп келесіздер. Ең басты құндылық – уақыт категориясы. Әлемде өзгерістер күн сайын, тіптен секунд сайын орын алуда. Осындай жылдамдыққа сай заманауи білім беру инновациясын дамыту үлкен еңбекті қажет етеді. 60 жылдық мектеп мерейтойы соны көрсетіп отыр. Шағын аудан­да тұрса да шәкірттердің білім көкжиегін дамытуда аса үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеудесіздер. Мектеп – адамгер­шілік ұясы. Шәкірттердің бойына ақыл, білім, парасат тілеймін. «Жайлы мектеп» жобасы аясында үш ауысымды білім беру жүйесі қысқартылып, ескі мектептер ор­нына жаңа білім ошақтары бой көтереді. Мектептің компьютермен жабдықталуы, цифрлық ресурстарды меңгеріп жатуы баланың оқуға құштарлығын арттырады. Мектеп ұжымына үлкен табыстар тілей­мін, – деді «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арт­тыру  орталығының директоры.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, сан мың шәкіртті  өмірге қанат­тандырған ұлағатты ұстаздар марапат биігінен көрінді.

Салтанатты кеште ҚР «Білім  беру  ісінің  үздігі»  Марат Төкенов, Берік  Қалыбайұлы сынды ардагер-ұстаздар мектеп тарихына тоқталып, білім қызметкерлеріне ақ баталарын берді. Мектептің 60 жылдығына орай ұйымдастырылған «Салауатты өмір – біздің болашағымыз» тақы­рыбында футбол жеңімпаздары марпатталды. Сондай-ақ «Спорт – бейбітшілік елшісі» жеңіл атлетика мен «Сен де бір кірпіш дүниеге» тақырыбындағы ерекше білімді қажет ететін оқушылар  арасындағы  өткен мәнерлеп оқу сайысының жүлдегерлеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Кеш қорытындысында «Ұлттың айбыны – рух байлығы» тақырыбында қала мектептері арасында өткен жас ұстаздар айтысының жеңімпазы №101 мектеп-лицей мұғалімі Рухат Сейтқасым, «Спорт – бақытқа бастар жол» волейбол жарысында І орын алған №10 мектеп-лицей командасы марапатталды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: