Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Оқушылар аспан әлемін зерттей бастады

11.02.2023

1119 0

Қаламызда білім сапасын көтеру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі уақыт үнемі ізденіс пен жаңашылдықты талап етеді. Осы мақсатта оқушылардың ғылыми жоба, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау – басты міндет.

Соның дәлелі ретінде әлемдік жаңашыл білім беру саласын дамыту бағытында қаламыздағы Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде «Обсерватория» каби­неті ашылған еді. Нәтижесінде мектеп оқушылары аспан дене­лерін обсерватория құрылғысы арқылы көре алады.

Жобаның негізгі мақсаты – балалардың жаратылыстану-ма­тематикалық сауаттылығын арт­тыру, ғылыми бағытта аст­ро­номия бағыты бойынша зерт­теу жұмыстарымен айна­лысу. Обсерваторияда балалар телескоп, процессор, спектро­скоп, арнайы призма мен Vive pro 2 шлемі секілді құрал-жабдықтармен жұмыс істей алады. Ал киностудия арқылы сапалы бейнеконтент түсіруге арналған заманауи жаб­дық­тар қойылып, балалардың шы­ғармашылық жұмыстармен еркін айналысуына жағдай жасалды. Сондай-ақ «Bio Master» кабинеті арқылы оқушылар қолдан макет жасап, жергілікті өлкетану іліміне тереңдей түседі.

«Мектеп обсерваториясы» соң­ғы үлгідегі жаңа құрылғы­лармен толық қамтамасыз етілген. Жаңа кабинет 2021 жылы жұмысын бастағанмен, аз уақыт ішінде үздік нәтижелерге жетіп үлгерген.

– Оқушылар мүмкіндікті кеңінен пайдалануда. Яғни олар­дың ғылыми бағытқа де­ген қызығушылығы жоғары. Мәселен, осы уақытқа дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда  университетінің оқытушысы, профессор Бақыт Қалиевпен бірлесіп, обсерваторияның бар­лық мүмкіндігін балалармен бөлісуге тырысып келеміз. Нәтижесінде 11 сынып  оқу­шысы Мағжан Дүйсенбек рес­публикалық «Дарын» ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңі бойынша ІІІ орын алып, обсерваторияның мол мүмкіндігін көрсетті. Оқушымызға физика пәнінің мұғалімі Әлия Сәрсенбай жетекшілік етті. Одан бөлек  «Ғылым әлемін ашамыз» атты ғарыштық зерттеулер бойын­ша халықаралық ғылыми кон­курсының ІІ орын жүлдегері атанды. Оқушыларымыз қазан айында Ақтөбе қаласында өткен  республикалық астрономиялық олимпиадаға  қатысып, диплом­мен марапатталды. Сондай-ақ «Ай фазаларын зерттеу» ғылыми жобасынан Аружан Сейдалы І орын, Аружан Бихожаева ІІ орын алып, республикалық олимпиадаға жолдама алды. Со­нымен қатар «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақы­рыбында өткен   ғылыми көрмеде үйірме оқушылары  Қызылорда облыстық білім басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.Үйірме оқушылары Алматы қаласындағы «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығында «Ғарыштық робототехника» та­қырыбында арнайы курстан өтіп,  сертификатқа ие болды. «Ұлы өнертапқыштыққа 10 қадам» атты ғылыми жобалар конкурсының қалалық кезеңінде Мағжан Дүйсенбек «Косманология» ба­ғыты бойынша  жүлделі І орын алып, ғылым жолындағы қор­жынын тағы да толықтырды, – дейді Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицей директорының б­ейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары Жанар Күзембаева.

Қазіргі таңда жұлдызды ас­панға назар аударатын адамдар саны аз. Астрономия саласымен тек кәсіби ғалымдар айналысады деген пікір бар. Алайда мектеп оқушылары бұл салаға ден қойып, зерттеу жасауда алғырлық танытып келеді. Оқушылардың аспандағы қандай да бір құбы­лысты зерттеуге мүмкіндігі зор. Яғни обсерватория жаратылыс­тану ғы­лымына қызығатын оқу­шылардың терең білім алуына жол ашуда.

– Оқушылардың  аспан дене­лерін немесе құбылыстарды ажыратып, анықтай алуы, тіпті түсіндіре білуі бастауыш мектеп жасынан бастап астрономияға деген қызығушылықты дамыту өте маңызды. Мектеп оқушылары тек оқу процесімен шектеліп қалмауы үшін жан-жақты даму мақсатында «Мектеп обсер­ва­ториясы» қарқынды жұмыс жасап жатқанын айта аламыз. Оқушылар үшін  «Обсерватория» кабинеті – аспан әлеміне ашылған даңғыл жол, – дейді Жанар Күзембаева.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: