Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушылары Аружан Жұмабаева мен Мерей Тоқтарбек Каспий теңізіндегі мұнай қалдықтарын тазартуға көмектесетін жоба әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олардың PolyGraph деп аталатын инновациялық технологиясы Blue Ocean Student Entrepreneur Competition 2025 халықаралық байқауының үздік 100 жобасының қатарына енген. Бұл — мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең ірі кәсіпкерлік байқау. Биыл оған 163 елден 13 мыңнан астам оқушы қатысты.
Қыздардың айтуынша, олар 2023 жылдан бері судан мұнайды тазарту әдістерін зерттеген. Нәтижесінде судан мұнайды таңдап бөліп алуға қабілетті полимерлі наноматериал ойлап тапқан. Эксперимент барысында бұл материалдың суды өткізбейтінімен қатар майды да оңай сіңіріп өткізетіні дәлелденген. Қазіргі уақытта Аружан мен Мерейдің жобасы People’s Choice Award номинациясы бойынша сынға түсіп жатыр — бұл санатта жеңімпазды ашық дауыс беру арқылы анықтайды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!