Қазақстандағы мектептерде сыныптағы оқушылардың үштен бірінен көбі вирустық инфекцияға шалдықса ғана онлайн оқу форматына ауысуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі бұл талапты нақтылап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенованың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда сыныптарда 30%-дан астам оқушының ауруы тіркелген мектептер жоқ.
Қазіргі уақытта тіркелген жағдайлар 10%-ға дейін. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, егер бір сыныпта оқушылардың 30%-дан астамы ауруға шалдықса, сабақтарды онлайн-форматқа ауыстыру мәселесі қарастырылады, – деді Бейсенова.
Бас санитар дәрігер сондай-ақ балаларда жөтел, мұрын бітелуі немесе температура белгілері пайда болса, оларды сабаққа жібермеуді ұсынды.
Қыркүйектен бастап Қазақстанда 1,2 миллионнан астам адам жедел респираторлық инфекциямен ауырған. Қарашаның бірінші аптасында 150 мың жаңа ЖРВИ жағдайы тіркелді.
Дегенмен, министрлік елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін және қазіргі кезде балаларды онлайн оқу форматына ауыстыру қажеттілігі жоқ екенін хабарлады.
Бұған дейін Астана мен Алматыдағы инфекциялық ауруханалардың пневмониямен ауырған науқастарға толы екені хабарланған еді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
