Алматы облысында тегін тамақтанатын бастауыш сынып оқушыларына жарамдылық мерзімі екі жыл бұрын өтіп кеткен йогурттар берілген. Жағдайға қатысты Қарасай ауданының әкімдігі пікір білдірді. Жазба Instagram-дағы jandossov_ta парақшасында жарияланды.
Жазбада мемлекеттен тегін тамақ берілетін мектеп асханасында бастауыш сынып оқушыларына тіскебасар ретінде мерзімі екі жыл бұрын өтіп кеткен йогурт таратылғаны жазылған. «Қаптамадағы жарамдылық мерзімі – 2021 жыл. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен сүт өнімдері өте қауіпті аурулар туғызып, улануға әкелуі мүмкін. Мұндай өнімдерді мектепке кім жіберді, келісімшарт бойынша тамақтандыру қызметінің өкілі бұған қалай жол берді? Жауап беруді және жағдайды дереу түзетуді талап етеміз», – деп жазған автор.
Қарасай ауданы әкімдігінің ҚазАқпарат агенттігіне берген мәліметінше, білім бөлімі аталған мектептің асханасын тексеруге жедел жұмыс тобын ұйымдастырған. Аудандық білім бөлімі ақпаратты растады. «Азық-түлік сапасына жүргізілген мониторинг нәтижесінде «Айналайн» компаниясы шығарған «Растишка» йогуртінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткені анықталды, осыған байланысты оны пайдалануға тыйым салынды. Мектеп директорына тәртіптік шара қолданылды. Жеке кәсіпкерге хабарлама жіберілді. Асхана жұмысы қатаң бақылауда», – деп жауап берді аудан әкімдігінің өкілдері.
Ақпарат: nur.kz
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!