Қазақстандық BilimClass тегін цифрлық платформасы мектептерге арналған жаңа инновациялық құрал – Автоматтандырылған білім беру мониторингі жүйесін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа жүйе тоқсан қорытындысын жылдам бағалап, оқу процесін шынайы деректер негізінде толықтай бақылауға мүмкіндік береді.
Бүгінде BilimClass Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істейді. Платформаны 2,3 миллионнан астам оқушы мен 315 мыңға жуық мұғалім қолданады.
Жобаны еліміздегі жетекші EdTech экожүйесі Bilim Group жүзеге асырған. Компания құрамына Bilimland, OnlineMektep, BilimKids, iTest, BilimUstaz, Kitap.kz және SmartNation сияқты бірнеше білім беру жобалары кіреді.
Мониторинг жүйесі білім сапасы мен үлгерім деңгейі сияқты екі негізгі көрсеткішті автоматты түрде есептейді. Бағалау процесі тек мектеп көлемінде емес, әр параллель, сынып, пән, оқу тілі, мұғалім мен оқушы деңгейінде де жүргізіледі. Мұндай талдау пайдаланушыларға біртұтас және нақты деректерді ұсынады.
BilimClass жүйесіне мониторинг функциясын енгізудегі негізгі мақсат – мұғалім үшін түсінікті, қарапайым әрі нақты пайдасы бар құрал жасау. Біз деректерді автоматты түрде жинауға, оларды түрлі қырынан талдауға мүмкіндік беретін сүзгілер құруға, рейтингтер мен индекстерді қалыптастыруға және деректерді есеп дайындау процесінде қолдануға назар аудардық. Ең бастысы, жиналған ақпарат басқару деңгейінде нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беруі керек болды. Яғни, себепті анықтап, өзгерістерді уақытында байқап, келесі қадамды дұрыс жоспарлауға көмектесуі қажет, – дейді жаңа жүйені әзірлеуге қатысқан мамандардың бірі, Өскемен қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уалиев.
Негізгі көрсеткіштер бірыңғай әдіспен есептеліп, пайыз түрінде көрсетіледі. Жүйе тоқсандағы білім сапасы мен үлгерім деңгейін анық көрсетіп, қай сыныпта немесе қай пәнде мәселе барын бірден көруге мүмкіндік береді.
Автоматтандырылған білім беру мониторингі жүйесі төрт бағытты қамтыған: білім сапасы мен үлгерім (тоқсан нәтижелері мен сын-қатер аймақтарын бір экранда толық көрсетеді); мұғалім көрсеткіштері (нақты жүктеме мен алмастыруларды ескеретін жеке аналитика); оқушы статистикасы (мектептегі оқу үлгерімін топтар бойынша көрсетеді: үздік, жақсы, қанағаттанарлық, үлгерімі төмен және аттестатталмаған); сондай-ақ білім сапасы мен үлгерімге негізделген мұғалімдер рейтингі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
