Ақтауда педагог Алмагүл Қайырқожа мемлекеттік мекемеден заңсыз босатылғанын айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz
Әйелдің айтуынша, ол «Асыл сөз» үйірмесінің қосымша білім беру орталығында шамамен тоғыз жыл жұмыс істеген. Алдымен қосымша педагог ретінде, ал 2023 жылғы ақпаннан бастап ұйымдастырушы қызметін атқарған.
Мұғалім 2025 жылғы 5 ақпанда жұмыстан босатылған. Оның мәлімдеуінше, бұған себеп – жұмыс сапасы емес, оның ұстанымы мен оқу үдерісінің ашық өтуін талап етуі.
«Мен жұмыс істегенім үшін емес, тәртіп пен әділдік сұрағаным үшін жұмыстан шығарылдым. Балалар қағаз жүзінде емес, шын мәнінде білім алсын деп талап қойдым», – деді Алмагүл Қайырқожа.
Оның айтуынша, орталықта кей жағдайларда ұстаздар оқушысы болмаса да жалақы алады. Ол бұл мәселеге байланысты экономикалық тергеу департаментіне, прокуратураға, білім бөлімдеріне жүгінген, бірақ нақты шаралар қабылданбаған.
«Мен білім сапасы үшін күрестім. Орыс тілді топтарда оқушылар бар, ал қазақ тілділерде жоқ. Мұғалімдер тізімде бар, бірақ сабақ өткізбейді. Мен барлық инстанцияға – Оқу-ағарту министрлігінен бастап Мәжіліс депутаттарына дейін хат жаздым, бірақ жауаптар бір сарынды: бәрін орталық дирекциясына қайта жолдайды. Егер «Школьник» орталығы тегін үйірмелерді жарнамаласа, қызығушылық болар еді, бірақ жарнама жоқ – нәтиже де жоқ», – деді педагог.
Қазір Алмагүл Қайырқожа сот арқылы жұмысқа қайта орналастыруды талап етіп жатыр. Оның мүддесін бірнеше адвокат қорғайды.
Ақтау қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, педагог «Школьник» орталығында 2016 жылдан бері жұмыс істеген. 2025 жылғы 5 ақпанда еңбек шарты заңнамаға сәйкес бұзылған.
«Жұмыстан шығаруға еңбек тәртібін жүйелі түрде бұзу, басшылықтың нұсқауларын орындамау, өзге педагогтардың ісіне араласу және ішкі еңбек тәртібін сақтамау себеп болған. Ол бұл шешімге байланысты сотқа жүгінді. Алайда №2 Ақтау қалалық сотының шешімімен оның талап арызы қанағаттандырылмады», – деп мәлімдеді шенеуніктер.
Кейін іс апелляциялық тәртіпте қаралып, №2 Ақтау қалалық сотының апелляциялық алқасы бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырды, ал апелляциялық шағым қанағаттандырылмады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!