Кеше Алматыға ресми сапармен келген Мемлекет басшысы ғалымдармен, ЖОО басшыларымен кездесті.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы «Сонымен қатар Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті. Алайда ол үшін біз экономиканы терең трансформациялауымыз керек. Бұл күрделі үдеріс зор сын-қатермен қатар жүреді», – деп, ғылымының дамуының оң мен терісі барлығын қазақтың қаперіне салды.
Әрмен қарай, «Жалпы, білімге негізделген экономика құру үшін ғылыми мекемелер мен бизнестің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ету маңызды. Бұл жұмыс барысында ғылыми идеяларды коммерциялық табысты өнімге айналдыратын инновациялық кластерлер, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар ашылады. Мұндай құрылымдар тиісті жобаларға идеядан бастап оны нарықта жүзеге асыруға дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсетуі керек», – деп сөзін сабақтады Президент.
Отандық денсаулық сақтау саласының дамуы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығынан көрінеді. Қазақстанда бұл меже 75 жастан асты. Бірақ осы көрсеткіш бойынша әлемдегі жетекші елдерден ондаған жылға артта қалып қойдық. Бұл – біз ұмтылатын мақсаттың бірі», – деп, ұлтсаулығы да қаперінде екенін анық байқатты.
Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінетін болды.
Былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл ел Президентінің тапсырмасымен тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынына сендік.
Өз салаларын қалай дамыту мен қалай жетістікке жетуге болатыны жайындағы Президенттің сындарлы ойы һәм идеясымен қанаттанған қазақ ғалымдарының алдағы мақсаттары биік болуы тиіс. Өйткені, Мемлекет басшысы: «Табысқа жету үшін өз ісіңнің хас шебері бол», – деп жарқын жол нұсқады.
Осы келелі басқосуға «Болашақ» университетінің ректоры Д.Б. Досманбетов те қатысты. Университет ректоры алдағы оқу жылынан бастап Президент тапсырмалары мүлтіксіз орындалатынына, жаңа ғасыр тек ғылым мен өркениет ғасыры боларына бек сенімді.
Берік Саймағанбетов,
Рекрутинг және мансап орталығының жетекшісі, Қызылорда «Болашақ» университеті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!