Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде биология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Алтынбек Ерназаровтың 80 жасқа толуына арналған салтанатты Ғылыми Кеңес өтті. Сондай-ақ, 7 оқу ғимаратындағы №204 дәрісханаға Алтынбек Ерназарұлының есімі берілді.
Салтанатты Ғылыми Кеңеске облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев қатысып, ғалымның еңбек жолы мен тұлғалық болмысы туралы атап өтті. Ал, университет ректорының міндетін атқарушы Нұрлан Уразбаев профессордың білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқанын жеткізді.
– Алтынбек Ерназарұлы университетте еңбек жолын оқытушылықтан бастап, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін абыройлы атқарып, шәкірттерге білім берумен қатар іргелі зерттеулер жүргізді. 1973 жылы «Күріш дақылының пісіп жетілу кезіндегі белок пен көмірсутектердің жиналу процесі» тақырыбында кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап, сала дамуына үлкен үлес қосты. Бастауыш білім беру мамандығы бойынша түйінді мәселелерді зерделеп, жас ұрпаққа білім нәрін сіңірді, – деді Нұрлан Жеткергенұлы.
Салтанатты шарада Алтынбек Ерназарұлына облыс және қала әкімінің Құрмет Грамотасы табысталды, сондай-ақ ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының шешімімен Қазақстанның білім және ғылым жүйесінің дамуына қосқан айрықша үлесі және білікті мамандарды дайындаудағы ерен еңбегі үшін А.Байтұрсынұлы атындағы орденімен марапатталды.
Алтынбек Ерназарұлы – 100-ден астам мақала, 1 электронды оқулық, 12 әдістемелік құрал, 1 монография мен өмірбаяндық деректі кітаптың авторы. Ұстаздың еңбегі мен төккен тері елеусіз қалмады. Көп жылғы ұстаздық және ғылыми педагогикалық еңбегі үшін педагог Білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен, «Қазақ ССР-нің халыққа білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атақтары, Елбасының «Алғыс хаттары», облыс және университет деңгейінде бірнеше мақтау грамотасы, «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен» марапатталып, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Ғылыми Кеңеске техника ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Қошқаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым-агроном Аббас Камалатдин, филология ғылымдарының докторы, профессор, КИМЭП университеті, «Филология» кафедрасының меңгерушісі Зәуреш Ерназарова, облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Есқалиева және зиялы қауым өкілдері, университеттің ғылыми кеңес мүшелері қатысты.
Айта кету керек, Алтынбек Ерназарұлының 80 жас мерейтойына орай Студенттер сарайында «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді модернизациялау: тәжірибесі мен проблемасы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция да ұйымдастырылды. Шараға шетелдік және отандық ғалымдар қатысып, білім беру саласындағы қазіргі жаңашылдықтар мен өзгерістерді талқылап, ұсыныстарын жеткізді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!