Жұма, 27 желтоқсан, 03:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қалдырған ізің мәңгілік…

18.10.2022

894 0

Әр бала күздің алғашқы күнінде мектеп табалдырығын аттайды. Алғашқы ұстаз − мектептегі екінші анамыз. Ал менің сүйікті және алғашқы ұстазым Күнімхан Баймішева апайым маған анамдай жақын.

Алғаш мектеп табалдырығын аттаған күні құшақ жая қарсы алған аяулы жанның екінші анаңыздай мейірімділігін сезініп көрдіңіз бе? Әрбір күн өткен сайын жаныңыздан табылып, әр аптаның жеті күнінде жеті рет көрісіп, көңіл ұясына тұрақтап қалған ұстазға деген құрмет ерекше.

Мен мектеп табалдырығын қобалжып атта­ғанда ең алғаш қолыма қалам ұстатқан, біздің білім алатын ұямыз − мектеп екенін түсіндіріп, ережесімен таныстырып, «енді оқушы болдыңдар» дегенде өзімді ерекше сезіндім. Ол бізді қарапайымдылығымен, адамгершілігімен баурап алды. Ұстазымыз бізді оқуға, есеп шығаруға, ойымызды еркін айтуға үйретті. Ұстазымыз тәртібімізге, тазалығымызға да қатты мән беретін. Барлық сабақтарын тартымды әрі қызықты өткі­зеді. Бізді қызықтыру үшін сыныптан тыс іс-шараларды да жиі ұйымдастырады.

«Бала жүрегі кішкентай күй сандық, сол сан­дықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұруы керек», − деп Мұхтар Шаханов атамыз айтқандай, бала бойындағы дарынды ашу кез келген адамның қолынан келмейтін іс. Қазіргі таңда менің бойымдағы ерекше дарынды байқап, мені шың­дағанынын  арқасында «Сынып үздігі»  атандым. Көптеген мектепішілік, қалалық, облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орын­дарға ие болып жүрмін. Қашықтан білім беру уақытында апайыммен бірге жұмыс істеп, бейне­роликтерге түстік. Абай Құнанбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған шарада жүлдегер атандық.

Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірттері.  Бәйгеден оза шауып, «Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышын елестету мүмкін емес. Сондықтан білімге жетелеген, жеңіске жетуіме себепші болған ұстазымды  ұмытпаймын. Оның еңбегін бағалау, оған құрмет көрсету маған міндет деп білемін. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп хәкім Абай атамыз айтпақшы, әрбір ісіміз жеңіске жетіп жатса, оның артында  ұстаздың қажырлы еңбегі барын ұмытпаймын.

Еңлік Лепес,

№176 орта мектеп оқушысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: