Қамар Назарбекқызы Бекетова, экономика ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Экономика және басқару» кафедраcының қауымдастырылған профессоры. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалымы» жобасының қатысушысы Қамар Бекетова Рединг университетінде (Ұлыбритания) ғылыми тағылымдамадан өтуде.
- Қамар Назарбекқызы, сіздің өміріңіздің жаңа кезеңі қалай өрбіп жатыр, Ұлыбританиядан алған әсерлеріңіз қандай, ғылыми тағылымдамаңызды қайда өтіп жатырсыз?
- Ең алдымен, білім беру үдерісін ұйымдастыру әдістері мен университеттің студенттеріне көрсететеін қолдауы мені таң қалдырды. Логистикадан бастап академиялық жетекшілердің қызметіне дейін егжей-тегжейге көп көңіл бөлінеді. Ұлыбритания өзінің мәдени әртүрлілігімен және сонымен бірге дәстүрге деген терең құрметімен таң-тамаша етеді. Барлық жерде қолайлы, мейірімді атмосфера сезіледі.
Рединг қаласы өзінің тыныш ортасымен және заманауи жайлылығымен менің ғылыми жұмысым мен жеке дамуым үшін тамаша жағдай жасады. Қала Англияның оңтүстігінде Бристоль, Оксфорд және Лондон арасында орналасқан. Бұл өте дамыған ескі қала, оның тарихы 1000 жылдан асады. Дәл осы жерде жергілікті түрмеде Оскар Уайлд өзінің «Тереңнен» атты тәубесін жазды. Университет негізінде әйгілі ICMA экономика мектебі құрылған. Жастар мұнда Орталық Англияның көптеген қалаларынан келеді, бұл қалаға ерекше шулы және көңілді күй сыйлайды.
Жергілікті академиялық мәдениетке ену, кең кітапханалар мен инновациялық ғылыми орталықтардың қол жетімділігі және әртүрлі елдердегі әріптестеріммен араласу мен үшін жаңа перспективалар ашты. Озық ғылыми қоғамдастықтың орталығында болғандығым мені одан әрі жетістіктерге жетуге шабыттандырады, ынталандырады және өте рухтандырады, – деді экономика ғылымдарының кандидаты Қамар Бекетова. - Сіз оқып жатқан университет туралы айтып беріңізші. Мүмкін болса, сіздің ғылыми тағылымдамаңыздың негізі болып табылатын зерттеу туралы.
- Менің ғылыми тағылымдамам Ұлыбританияның жетекші оқу және зерттеу мекемелерінің бірі болып табылатын, бай тәжірибесі мен заманауи оқыту тәсілі бар Рединг университетінде жүріп жатыр. 1892 жылы негізі қаланған ол бүгінде елдегі ең үздік 30 университеттің қатарына кіреді және әлемнің жетекші білім беру және озық орталықтарымен белсенді жұмыс істейді. Университет білім беруді басқару, климатология, экономика, ғылыми технологиялар сияқты салалардағы пәнаралық зерттеулерімен танымал, әсіресе метеорология, ауыл шаруашылығы, бизнес саласындағы жетістіктерімен атағы шыққан.
Менің тағылымдамам «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалымы» жобасы аясында өткізілуде. Зерттеу тақырыбым «Білім беру саласындағы көшбасшылық». Ғылыми жұмыстың мақсаты – жоғары оқу орындарындағы көшбасшылық стратегияларын және олардың білім сапасына әсерін зерттеу. Тәрбие жүйесіндегі көшбасшылық, басқарудың әртүрлі салаларындағы көшбасшылық, білім беру қызметтері нарығындағы ұйымдардың көшбасшылығы – тақырып өте ауқымды. Мәселе әртүрлі көзқарастардан, соның ішінде жекелеген азаматтардың және тұтастай алғанда болашақ ұрпақтың құқықтары мен даму мүмкіндіктері аясында қарастырылады. Мені басқарудың әртүрлі тәсілдері инновациялық және инклюзивті білім беру ортасы үшін мүмкіндіктерді қалай жасайтындығы қызықтырады. Көшбасшылық сапалы білім берудің негізінде болатыны сөзсіз және оқу нәтижелерін түсіндіретін маңызды фактор болып табылады.
Рединг университетінде жұмыс істеу маған халықаралық әріптестермен қарым-қатынас жасауға, зерттеудің озық әдістерін қолдануға, білім беруді басқару саласындағы білімімді жүйелеуге, жақсартуға және кеңейтуге мүмкіндік береді.
Редингтегі оқу ортасы студенттер мен тағылымгерлерге заманауи зертханаларға, кітапханаларға, ғылыми орталықтарға және IT инфрақұрылымына қол жеткізуге мүмкіндік беру арқылы академиялық және кәсіби дамуға қолайлы жағдай жасайды. Университет кампусы 150-ден астам елдің студенттері мен зерттеушілері оқитын көпмәдениетті кеңістіктің бір түрі, бұл оны халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың нағыз орталығына айналдырады, дейді Қамар Бекетова. - Сіз Қазақстан мен Ұлыбританияның білім беру әдістемелерінде қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтарды таптыңыз?
- Қазақстан мен Ұлыбританияның білім беру жүйелерінде көптеген ұқсастықтар бар. Біріншісі, білім беру сапасына деген басты назар. Елдер білім беру процесінің сапасына және оқытушылардың біліктілігін арттыруға көп көңіл бөледі, жаңа білім беру технологиялары мен инновациялық тәсілдер белсенді қолданылады.
Екіншісі, халықаралық бағдар. Біздің елдерімізде білім беру бағдарламалары халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуға ұмтылады. Екі жүйе де халықаралық тәжірибені біріктіруді және шетелдік университеттермен серіктестікті қамтиды. Үшінші ұқсастық, ғылыми зерттеулерді қолдау. Қазақстан мен Ұлыбританияда ғылыми зерттеулерді, әсіресе жоғары білім беру және басқару саласында қолдау бағдарламалары белсенді дамып келеді.
Айырмашылықтар да бар. Мұнда оқытудың тәсілі басқа, Ұлыбританияда білім беру процесі студенттердің өз бетінше оқуына және сыни ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған. Студенттер ғылыми-зерттеу және жоба тақырыптарын таңдауда академиялық еркіндік принциптерін ұстанады. Қазақстанда, керісінше, білімді оқытушылардан студенттерге беруге көп көңіл бөлінеді. Ұлыбританияда оқытушы көбінесе студенттерді бағыттайтын, бірақ оларға дайын шешімдерді міндеттемейтін, фасилитатор тәлімгер ретінде әрекет етеді. Қазақстанда оқытушының рөлі көбінесе авторитарлық сипатқа ие, қажетті білім беру мен оқу процесін бақылауға баса назар аударылады. Ұлыбританияда формативті өлшеуге үлкен мән беріледі, яғни студенттерге оқу процесінде өз нәтижелерін жақсартуға көмектесетін тұрақты кері байланыс бар.
Инфрақұрылым мен ресурстарға қол жетімділікте үлкен айырмашылық бар. Ұлыбританиядағы университеттерде заманауи кітапханаларға, мәліметтер базасына және зертханаларға қол жетімділік дамыған. Қазақстанда жоғары мектептің белсенді дамуы байқалады, бірақ ресурстарға, әсіресе өңірлік жоғары оқу орындарында қолжетімділік анағұрлым шектеулі.
Ұлыбританиядағы ғылыми жұмыс маған онлайн жүйелердің озық тәжірибелеріне бейімделуге және біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін дамытуға өзекті, – деді экономика ғылымдарының кандидаты. - Шетелдік білім тек зерттеу жоспарларын оқыту және жүзеге асыру ғана емес. Бұл сонымен қарат мәдени алмасу. Сіз басқа елдердің студенттерімен қарым-қатынас жасау арқылы өзіңіз үшін не жаңалық аштыңыз? Қандай тәжірибе жинадыңыз?
- Әр түрлі елдердің студенттерімен және ғалымдарымен қарым-қатынас жасау – бұл мәдени ерекшеліктермен, дәстүрлермен және оқыту мен зерттеу тәсілдерімен танысудың ерекше мүмкіндігі. Әр түрлі мәдениеттер мәселелерді шешуге, білімді қабылдауға және топтық жұмысты құруға әр түрлі көзқараста болатындығы мен үшін маңызды жаңалық болды. Мысалы, кейбір студенттердің сыни ойлауды дамыту үшін ұжымдық пікірталастар мен жарыссөздерді белсенді қолданатынын байқадым, ал басқалары жеке оқу мен талдауға баса назар аударады. Мен үшін ең құнды жетістіктердің бірі мәдениетаралық қарым-қатынас тәжірибесі болды. Бұл көкжиекті кеңейтіп қана қоймайды, сонымен қатар халықаралық академиялық ортада маңызды болып саналатын, кез келген қарым-қатынас стиліне бейімделуге көмектеседі. Мен сондай-ақ әртүрлі көзқарастарды бағалауды және олардан инновациялық идеялар мен шешімдердің көздерін көруді үйрендім. Сонымен қатар, білім берудегі көшбасшылық пен басқарудың әртүрлі тәсілдері әртүрлі контексттерде қалай қолданылатынына куә болды. Бұл тәжірибе менің қазіргі зерттеу жұмысым үшін өте маңызды, – деді Қамар Назарбекқызы.
Қызықты әңгіме үшін рахмет!
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Медиа орталығы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!